389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-дағы шаруа қожалығы мал етін мұхит асырмақ

  • 392
  • UPD: 00:01, 30.05.2019

Еліміздің батыс өңірінде мал сою кешендері көбейіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Сәйкесінше ет өнімдерінің экспорты да еселеп артқан.  

Айталық, былтыр аймақ шаруалары жоспардағы 2 мың тоннаның орнына 2,5 мың тонна сиыр етін шетелге сатқан. Қой етінің экпорты тіпті көп. Межелі 180 тоннаның орнына 634 тоннасы сырт нарықтарға жөнелтілген.

Аққозы ауылындағы бұл мал сою кешені 2017 жылы іске қосылыпты. Шаруашылықтар мұнда негізінен ірі қара мен қой малын әкеледі. Кешен қуаты әр ауысымда 30 бас ірі қара мен 200-дей қой союға жетеді.

Нұрбол Бозов, Қаратөбе аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Негізі бұл кешеннің бізге жақсы жері – барлық мал осы кешенде сойылу арқылы өтеді. Сосын шаруақожалықтар, жеке адамдар өздері барып малын тапсыра алады. Бұл жерде ет вакуумдалып, сатушыға ыңғайланып шығарылады. Былтыр субсидияға іліну үшін ол қосымша 200 басқа қосымша жақтау орнатты.

Былтыр қаратөбелік шаруалар алғаш рет қозы етін экспорттады. Тек осы кешенге қарасты шаруашылықтың өзі 10 тонна қой етін көрші елдер нарығына шығарған. Жаңа желінің тиімді тұстары көп. Аудан шаруашылықтарына тапсырылған әр бас үшін 3 мың теңгеден субсидия төленеді. «Бұл жеке тұрғындар үшін де, қожалықтарға да өте тиімді», – дейді мамандар.

Қоныс Мұқанов, Аққозы ауылдық округінің әкімі:

- Ірі қарамен айналысып, қоймен айналысып отырғандар да  үкіметтің қолдау қаражаттарына ие. Өйткені қазір түрлендіру бағытында 25 аналыққа бір бұқа қосады. Соған байланысты субсидия алып отыр. Енді асылтұқымды шаруақожалықпен екеуі айналысып келсе, енді үшіншісі алып келеді. 

Кешен қызметіне сұраныс болғандықтан, қазіргі 200 басқа арналған мал бордақылау алаңы аздық етіп отыр. Сондықтан келешекте осы мал сою кешенінің жанынан мың басқа арналған жаңа бордақылау алаңын салу жоспарда. Ал сойылған мал еті осы жерде өңделіп, тоңазытылған күйде тұтынушыға жеткізіледі. 

Құсайын Мұқанов, шаруа қожалығының басшысы:

- Ертең асханаға баратын нәрсе ғой, сонда барғанда да өте қолайлы болып тұрады, бұрынғыдай балталап жатпайды, осылай етіп жөнелтіп жатырмыз. Қаратөбенің етін мұхит асырайық деген ойымыз бар.

Аймақта тоңазытылған ірі қара мен қой еті негізінен Ресей, Армения, Иран Ислам Республикасы және Қырғызстан елдерінің нарығына жол тартады. Жыл соңына дейін 3000 тонна сиыр еті мен 800 тонна қой етін экспорттау жоспарланып отыр.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы