382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жыл басынан елімізде 20-дан астам бала суға кеткен

  • 185
  • UPD: 07:59, 30.05.2019

«Елімізде суға кетіп қайтыс болғандар саны көбеймесе, азаймай отыр», – дейді құтқарушылар.

Мәселен, елордада соңғы айда 5 адам өзен мен көл түбінде ажал құшты. Осыған байланысты төтенше жағдайлар комитетінің өкілдері жағажай бойында қыдырып жүрген демалушыларға ескерту парақшаларын таратып жатыр. Өйткені көпшілік шомылу маусымының басталуын күтпей-ақ, белгіленбеген жерлерде суға сүңгіп алуды әдетке айналдырып алған.

Мейірлан Алтынбек, тілші:

– Төтенше жағдайлар комитетінің дерегінше, жыл басынан 80-нен астам адам суға кетіп, қайтыс болған. Оның ішінде 20-дан астамы – бала. Бүгінде осындай қауіпті жағдайдың алдын алу үшін елордалық құтқарушылар ескерту парақшаларын таратып жатыр. Олардың айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ақбұлақ-1 бекетінде көбіне кішкентай балалар белгіленбеген жерлерде жиі шомылады екен.

Әлібек Алтай, қала тұрғыны:

– Күн ыстық болғандықтан, суға салқындап алу үшін түскем. Енді ескерту алып жатырмын. Суға жүзуге болмайтындығы туралы мәлімет алдым, енді олай қайталанбайды.

Мұрат Санақ, қала тұрғыны:

– Суға түстік, енді осындай жерге келуге болмайтынын ұқтық. Келесі жолы жасалмайды мұндай тірлік.

Төтенше жағдайлар комитетінің орталық өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағының құтқарушысы Дархан Смағұлдың айтуынша, адамның суға батуына бірден бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Оның ішінде тек табиғи емес, адами фактор да бар. Мәселен, оған қол-аяқ сіңірлерінің тартылып қалуы сынды себепті жатқызуға болады. Статистикаға сүйенсек, суға кетіп қайтыс болғандардың көбі – жүзе білгендер.

Дархан Смағұл, ҚР ІІМ ТЖК орталық өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағының құтқарушысы:

– Өзен суы әлі суық болғандықтан, сіңір тартылып, жүрек соғысы бәсеңдеп, тоқтап қалуы мүмкін. Біздің ескертуге құлақ аспай, суға шомыла беретін азаматтар да бар. Ондай кезде біз тәртіп сақшыларын шақырып, айыппұл саламыз.

Есіл өзенінің жасанды су бөгеті ауданында жыл сайын қайғылы жағдай орын алып жатады. Ағыс қатты болғандықтан, суға батып жатқан адамды су иірімінен құтқарып алу екіталай нәрсе, дейді құтқарушылар. Көбіне бұл аумаққа балықшылар мен көлік жуушылар және өз-өзіне қол салушылар жиі келеді, дейді жергілікті тұрғындар.

Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін елімізде балаларды жүзуге үйрету жұмыстары да жүргізіледі. «Өйткені қайғылы жағдай саны көбеймесе, азаймай отыр», – дейді Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

– Су қоймаларында қауіпсіздік шараларын күшейту үшін жедел-құтқару жасақтары жоқ қауіпті орындарда өндіру бөлімдерін де жұмылдыруымыз мүмкін. Біздің мақсат – балалардың суға бату жағдайларын азайту. Осылайша, алдағы уақытта қайғылы жағдайлар кеміп, статистика жақсарады деп үміттенеміз.

Осыған байланысты 1 мыңнан астам орынға тыйым салынып, мың жарым ескерту белгісі мен соңы қайғылы аяқталған оқиғалар туралы стендтер орнатылды. Жедел-құтқару жасақтары қосымша 53 мобильді бекетте кезекшілік ұйымдастырды. Сондай-ақ балалар демалысына арналған 50-ге жуық лагерьде құтқарушылар жағажай түбін тексеріп, ақпараттық ескерту жұмыстарын жүргізді. Айта кетейік, бүгінгі таңда 107 қалалық және 500 жеке жағажай келер айдан бастап суға шомылу маусымына дайын.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы