378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында шомылушыларға талап күшейтілмек

  • 175
  • UPD: 08:04, 30.05.2019

Ақтөбе облысында алдағы сенбіден бастап суға шомылу маусымы басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір жаз бойы жұмыс істейтін жағажайлар тексеріліп жатыр. Тиісті талапқа сай келмейтін төрт орын жарамсыз деп танылды. Жағажайлардан өзге, биыл шомылушыларға да қойылатын талап күшейтілмек. 

Облыс көлеміндегі жағажайлардың дайындығын Нұрболат Қасымбаев секілді тәжірибелі мамандар тексеріп жүр. Жас болса да өз ісінің шебері. Жыл бойы өзен-көл жағаларын бақылайтын құтқарушы соңғы төрт жылда 37 адамды аман алып қалған. Олардың арасында 4-5 жасар балалар да болғанын айтады. Енді биылғы жаздың еш оқиғасыз өтетініне үмітті.

Нұрболат Қасымбаев, құтқарушы:

– Бізде осы маусым басталғалы бері судың астын тексердік. Судың астынан адам өміріне қауіп төндіретін неше түрлі заттар шықты. Оның ішінде шынылар да бар. Көліктің баллондары шығады.

Өңір бойынша өзен-көлдерге шомылу кезеңі 1 маусымда басталып, тамыздың соңғы күндеріне дейін жалғасады. Осы аралықта облыста 50-ден астам жағажай жұмыс істейді. Барлығы да қайық, бақылау бекеттері және адам өмірін қауіпсіз етуге арналған өзге де жабдықтармен қамтылуы тиіс. Бұл талаптың сақталуын мамандар әсіресе қала аумағындағы 13 суға түсу орындарынан қатаң талап ететін болады.

Айбат Жаңабергенов, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы:

– Талдау жұмыстары көрсеткендей, соңғы 5 жылда 38 адам қаза тапты. Былтыр 7 адам қаза тапты. Қала тұрғындары мен қонақтарына айта кететін нәрсе, егер тыйым салынған жерлерге түсетін болса, ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің бабы бойынша ескерту берілетінін мәлімдейміз. Ал егер осы жағдайлар бір жыл ішінде қайталанса, онда айыппұлға әкеп соғады. Оның мөлшері 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде болады.

Биыл жағажайлардағы қауіпсіздікке мейлінше басымдық берілмек. Ол үшін 134 ерікті көмекке тартылады. Олар жеке жағажайлардағы тиісті талаптың сақталуын бақылап, ондаған құтқарушылар тапшылығын сездірмеуге де мүмкіндік береді. Су жағасындағы қауіпсіздікті маусымнан бастап, аттылар жасағы да қадағалайды. Шомылуға тыйым салынған 36 аймаққа ескерту белгілері қойылды. Оның бірқатары қала ортасынан өтіп жатқан Сазды өзенінің жағасында тұр. Осыдан екі жыл бұрын мұнда 3 жасөспірім суға батып кеткен еді. 

Құтқарушылар жағажайларда қауіпсіздіктің сақталуы адамдардың өздеріне байланысты екенін айтады. Мәселен былтыр шомылуға тыйым салынған жерлерге келіп суға түскен жүздеген адамға ескерту берілген. Ал оған құлақ аспай, тәртіпті қайта бұзған 36-на айыппұл салыныпты. Сондықтан да биылғы маусымда су жағаларында жергілікті полиция қызметінің өкілдері де кезекшілік атқаратын болады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы