378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ел азаматтары өмір үшін күресіп жатқан ақсулық сәбидің операциясына қаржы жинап берді

  • 173
  • UPD: 14:41, 30.05.2019

Ақсу қаласының кішкентай тұрғыны бір жылдан астам уақыт бойы өмір үшін күресіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәрім есімді сәби жекеменшік мануальді терапевтің қабылдауынан кейін жансақтау бөліміне түскен. Оның екі мойын омыртқасы сынған. Бұл туралы арнамыздың тілшілері материал әзірлеп, жас отбасының жанайқайын жұртқа жеткізген болатын. Бұл жағдайға бейжай қарамаған жомарт жандар табылып, ел азаматтары үш аптаның ішінде операцияға 3 млн теңге жинап берген.

Бір айдан кейін Кәрім Тәңірбергенов екі жасқа толады. Сәби өмірінің 1 жыл 4 айын жансақтау бөлімінің осы палатасында өткізуде. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасағанмен, балаға күрделі әрі қымбат операция керек. Жас ата-ананың бойында күмәннан үміт басым.

Гүлмира Жанайдарова, Кәрімнің анасы:

– Баламыз үшін ештеңе аямаймыз. Отандастарымыз көмек қолын созды. Табалдырығын тоздырмаған мекеме қалмады. Операцияның қаржысын өзіміз көтеруге әзірміз. Керек болса, ата-анам пәтерін сатуға бар. Баламды елордадағы нейрохирургиялық орталыққа апарса болғаны. 

Мамандардың айтуынша, бұл – тым сирек кездесетін диагноз. Бүгінде Қорған қаласындағы Илизаров атындағы клиниканың дәрігерлері операция жасауға әзір. Хирургиялық әрекетке қажет металл конструкциялар мен өзге бұйымдардың бағасы 2 млн теңгеден асады. Құралдар тек тапсырыспен әзірленеді.

Ирина Орсагош, облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Баланың жағдайы ауыр. Халі тұрақталмағанша, санавиациямен республикалық нейрохирургиялық орталыққа жеткізе алмаймыз. Ол күннен күнге нашарлап барады. Қорғандық дәрігерлер біздің базамызда да операция жасай алады. Бірақ елордалық орталықтағы жабдықтардың сапасы әлдеқайда жоғары.

Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сот-медициналық сараптамалар тағайындалған. Ал өңір дәрігерлері денсаулық сақтау басқармасына мануальді терапевттің қызметіне қатысты ресми хат жолдаған.

Жанна Белялова, облыстық полиция департаментінің ресми өкілі:

– Бұған дейін жасалған сараптама нәтижесі дәрігердің қызметін тоқтатуға негіз болмады. Сондықтан қосымша кешенді экспертиза тағайындалды. Қорытындысы бойынша оны жұмыстан шеттету мәселесі шешіледі.

Бүгін Кәрім Тәңірбергеновтің ем қабылдап жатқанына 376 күн толды. Үміт үзбеген ата-ана Денсаулық сақтау министрлігінен көмек сұраған. Бірақ әзірге мардымды жауап алмаған. Сондықтан күтуден басқа амал жоқ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Самат Оспанов

Хабар 24 телеарнасы