382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында 130 мыңға жуық оқушы жазғы демалысты қызықты өткізбек

  • 210
  • UPD: 20:29, 30.05.2019

Ақтөбе облысында 130 мыңға жуық оқушы алдағы жазғы демалысын қызықты өткізеді. Қазір аймақтағы лагерьлер балаларды күтіп алуға сақадай сай.

Сан-салалы бағдарламаларын әзірлеп те қойған.

Жуырда ғана жетінші сыныпты бітірген Жасмин Асқарова озат оқушылардың бірі. Тамыздың екі аптасын Италияда өткізетінін естігенде, қуанышы қойнына сыймапты. Дарынды бала ежелгі Рим жеріне баратын 20 ақтөбелік жасөспірімнің қатарына енді. Олардың басым бөлігі ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеткіншектер. 

Жасмин Асқарова, оқушы:

- Ең бірінші мен сол шетелге барам дегенде Италияның суреттерін көрдім. Ең танымал жерлерін көрдім. Мен сол жерлерді аралағым келеді. Өз ойымдағы енді елестетіп көрген жоқпын әлі. Бірақ өмірдегі бар жақсылық, бәрі сол жақта деп ойлаймын. Бәріне де сол Италияда болып, шетел көрсін деп тілеймін.

Мектеп жанында жұмыс істейтін лагерлерде қазір жұмыс қызу. Жатын орындары жасақталып, бөлмелер көрнекі құралдармен жабдықталып жатыр. Мәселен, №60 орта мектеп жаз бойы 400-ге жуық балаға қызмет етпек. Олардың бос уақытын қызықты ету үшін мұнда спорттық ойындар, шет тілін меңгеруге арналған курстар және сауықтыру шаралары өткізіледі. Қаланың көрікті жерлерін аралау, табиғат аясына шығу, өзен-көлдерге шомылу да бағдарламада бар.

Мұндай лагерьлерде, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары тегін демалады. Күніне төрт мезгіл тамақтанады. Ал бұл санатқа кірмейтін оқушылардың ата-аналары екі аптаға созылатын әр маусым үшін 15 мың теңге төлеуі керек. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Жалпылай алғанда, дәл осындай лагерлер облыс бойынша 305 мектептің жанында жасақталады. Одан бөлек, қосымша білім беру мекемелерінде де демалыс орындары ұйымдастырылады. Ал, балалармен жұмыс істейтін мамандардың басым бөлігі мектеп мүғалімдері болмақ.

Абзал Тажимишев, №60 орта мектептің директоры:

- Барлық лабораториялық тексеріс талапқа сай деп көрсетті. Үш ауысымда жұмыс істейді. 82 мұғаліміміз арнайы медициналық тексеруден өтті. Әртүрлі ауруларды анықтауға бағытталған. Балалардың денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін факторлар жойылды. Қазіргі таңда мектеп жанындағы лагерь маусымның ашылуына 100 пайыз дайын.

Балаларды жазғы демалыспен қамту өңірде оқу жылы аяқталған соң бірден  басталып кетті. Тіпті қазіргі уақытта олар облыстың киелі жерлерімен тарихи-мәдени ескерткіштерді аралап жүр. Маусымнан бастап, бес бірдей ауданда жасақталатын шатырлы лагерлерге де барады. Олардың қауіпсіздігі құзырлы мекеме өкілдерінің назарында болады.

Ләззат Оразбаева, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Биыл 130 мыңға жуық оқушы балаларды жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр. 735 бала басқа региондардағы лагерлерге баратын болады. 735-тің ішінде, жетім балаларымыз, көп балалы аналар бар. Көп балалы педагогтарымыздың да балаларын қамтығымыз келіп жатыр. Дәрігерлердің балаларын қамтамасыз етіп жатырмыз. Мәдениет саласында жұмыс істейтін аналарымыз бар. Олардың да балаларын.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы