389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралдағы Зашаған кентінің халқы құс фабрикасының иісінен тұншығып отыр

  • 371
  • UPD: 20:40, 30.05.2019

Шешімін таппаған, өздері тап болған өзекті мәселелерді айтып, арнамызға арызданатындар аз емес. Солардың бірі Орал қаласының Зашаған кентіндегі саяжай серіктестігінің тұрғындары.

Мұндағы 10 мыңдай тұрғын іргедегі құс фабрикасынан тарайтын күлімсі иістен зардап шегіп отыр. Әсіресе жаздың тынық күндері таза ауамен тыныстау мүмкін емес екен. Ал фабрика басшылығы болса, өз әрекеттерінің заңға сай екенін айтады. Өңірдегі тілшіміз Ерденбек Жылқайдарұлы екі жақтың да айтарын тыңдады.

Зашаған кентіндегі құс фабрикасы 2003 жылы салыныпты. Ал бес жылдан соң күре жолдың екінші бетінен жаппай жер телімдері берілген. Бастапқыда бау-бақшаға арналса да, мұнда күні бүгін 1700 үй салынып, 10 мыңдай адам тұрғылықты мекендеп жатыр. Осынша жанның жаз шыққалы күлімсі иістен мазасы қашқан.

Ақсұлу Есқалиева, Орал қаласының тұрғыны:

- Мына сасық деген, күнімен, түнімен сасып тұрады. Аздап жел басылғанда басылады. Ал былай отыруға жоқ. 

Асылбек Қабесов, «Зашаған» саяжай серіктестігінің төрағасы:

- Бәріне жазбаша да, ауызша да айттық. Осы мәселе сол жабулы қазан жабулы күйінде қала береді.  Мен ойлаймын бүгінгі күні бұл мәресіне жеткен болар, біржағына шығару керек деп. Неге десеңіз, осынша ел, қауым тауықтың саңғырығын, иісін иіскеп тұра алмайды ғой.

Құс фабрикасының санитарлық қорғаныс аймағы 500 метр болуы тиіс, ал ауылмен арақашықтық 300 метр ғана. Бұрын салынғандықтан кәсіпорынды көшіру туралы тұрғындардың талабы орынсыз десек те, жағымсыз иісті жоюға не кедергі?

Степан Сироткин, құс фабрикасының директоры:

-Біз қымбат химиялық препарат алдыртып, құстың қалдықтарын өңдеуге кірістік. Ол саңғырықтың ыдырауын жеделдетіп, иісті жояды. Ал көптің наразылығына келсек, жуырда тыңайтқыш ретінде қожалықтарға сатқан едік. Иіс сол кезде шыққан болар. Қазір ол жұмыстарды тоқтаттық.

Тыңайтқыш демекші, фабрикадан әрі аяқ басқанда тау-тау болған құстың қиына тап болдық. Іле-шала осы жердің иесі де жетті.

Геннадий Донсков, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Бір гектарға 300 тонна төгуім керек. Бұл көп емес. Тауықтың қиы тұнып тұрған азот, нағыз тыңайтқыш қой. Қалай түсінбейсіңдер? Алты жыл болды осылай төгіп жатқаныма.

Агрономиядан алыс болсақ та қара есептен құр емеспіз, шаруаның сөзін санамызда саралап көрдік. 300 тоннаны жайғанда шаршы метріне 30 келіден келеді екен. Көптеу көрінді. Ғалымдарға жүгіндік.

Сәуле Рақымғалиева, БҚАТУ топырақтану кафедрасының меңгерушісі:

- Не дейсіз? Ол өте көп. Құстың қиы тыңайтқыш ретінде шаршы метріне 1 келі ғана енгізілу керек. Егер кепкен болса, жарты келі жарайды. Сосын оны жай тастаса азот ұшып кетеді.

Аманғали Қажыкен, зашаған кентінің тұрғыны:

- Қараңдаршы, мына жерде жыртылған жер де жоқ, шығып жатқан егістік те жоқ, құрттап жатқан мусордан басқа түк те жоқ. 10 жыл бойы төгіліп жатыр. Себебі құс фабрикасының директорымен келісіп, өзінің жеке жері болғасын, осы жерге төктіріп, осы арқылы ақша жасап жатыр. Басқа ешқандай дәлел жоқ. 

Көптің көңіліндегі бұл күдікті тиісті органдар, соның ішінде жердің пайдаланылуын бақылайтын мекемелер сейілтуі тиіс. Ал әзірге тексеріс құс фабрикасына ғана басталыпты. 

Сырым Тілегенов, БҚО экология департаментінің бөлім басшысы:

- Жоспардан тыс тексеріс ашылды. Мамандар атмосфералық ауадан, топырақтан сынама алады. Соның бәрі нәтижесі  10 жұмыс күні, тексеріс аяқталғасын белгілі болады.

Мамандар саңғырық сақтайтын орынды алысқа көшіру қажеттігін фабрикаға 3 жыл бұрын ескерттік дейді. Шаһар басшылығы оған қажетті жерді бергенін айтады. Ендеше тұрғындардың жағымсыз иістен құтылар күні де алыс емес. 

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы