389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарлагтағы тұтқынға алынған әйелдер мен балалар бейітіне мүсін орнатылады

  • 250
  • UPD: 22:29, 30.05.2019

Қарағанды облысында Қарлагтағы балалар мен тұтқынға алынған әйелдер бейітіне арнайы мүсін орнатылатын болды.

Сосын саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған мемориалдық кешен толықтай абаттандырылмақ. Бүгін арнайы жоба бекітіліп, құрылысты бастауға рұқсат берілді.

Қарлагтың Орталық егіншілік бөлімшесінде бұрын балалар қалашығы орналасқан. Бұл жерде балалар туғанынан 4 жасқа келгенше тұрған. Одан соң тұтқындағы әйелдердің сәбилерін  тартып алып, халық арасында «аналар үйі» деп аталып кеткен осы қалашыққа жіберіп отырған. Кейіннен бұл бейіт «Мамочкино» балалар қалашығы деп аталып кетті. 2015 жылы Мемориал Қарағанды облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

- Біз кішкентай сәбилердің сондай зұлмат жылдары құрбан болған жеріне барлығымыз жиналып тұрмыз. Сол періштелердің жатқан жерлері жайлы болсын дегім келеді. Болашақта мемориалды кешен жасауды жоспарлап отырмыз. Оның жобасын бүгін бекітеміз. Біз осы бүгінгі бейбіт өмірді бағалай білуіміз керек. Сонда ғана осындай қателіктер, осындай үлкен қасіреттер қайталанбайды.

Мүсіннің жобасын жасауға үш жыл кетті дейді суретші. Қарлаг балалары мен тұтқынға алынған әйелдер бейітінің аумағы 260 шаршы метрді құрайды. Мұнда мұсылман, христиан және ​ католик діндерінің өкілдері жерленген. Сондықтан мүсіннің ​ ішіндегі қабырғаларға ​ үш конфессияның дінін білдіретін жазулар мен иконалар салынады.

Игорь Баграмов, суретші:

- Әрине сәбилердің құрбан болғаны бұл өте ауыр және қайғылы оқиға. Сол тарихты қазіргі ұрпаққа барынша жеткізу үшін, мемориалдың алдына қайғыға батып, жылап отырған әйелдің мүсіні мен үш жақтан орналасқан тіректің үстінде отырған ақ көгершіндерді саламыз. Көгершіндер құрбан болған балалардың жаны анасынан алыстамағанын білдіреді. Ананың мүсіні қара граниттен жасалады. Келішулер осы ескерткіш арқылы өтіп, зираттарға кіреді.

Бүгін жоба жан-жақты қолданып бекітілді. Алдағы уақытта мүсінді паспорттау рәсімі жасалынып, жобаның сметасы жобаланады.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов

Хабар 24 телеарнасы