384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда корей отбасылары зұлмат жылдары бауырына басқан қазақ халқына алғысын жеткізді

  • 159
  • UPD: 14:55, 31.05.2019

Ақтаудағы Достық үйіне мүше этномәдени бірлестік өкілдері саяси репрессия құрбандарын еске алды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мәдени-танымдық шараға Алматы, Ақтөбе және Атырау өңірінде тұратын корей отбасылары шақырылған. Олар зұлмат жылдары бастан кешкен қиындығын әңгімелеп, тағдырлас корей халқын бауырына басқан қазақ ұлтына алғысын жеткізді.

1937 жылдың суық күзінде Қазақстанға күштеп қоныс аударылған кәріс отбасының қатарында Эхман Кимнің ата-анасы болды. 86-ға толған атай ол кезде бес жастағы сәби екен. Төрт жас кіші жұбайы Александра бұл мезетте алты айлық шарана. Жер аударылғандар мінген эшелон Гурьев, қазіргі Атырау облысына келіп тоқтайды. Қарулы күзет жолаушыларды «Пешной» деп аталатын иесіз аралға апарып, тастап кетеді.

Эхман Ким, қала тұрғыны:

- Қытымыр қысты сол аралда өткіздік. Көктем келе барлығымызды Стаханов елді мекеніне көшірді. Менің отбасыма екі үйлік баспананың бір бөлмесі берілді. Қуықтай орынға бізден бөлек әжем, екі баласымен оның ағасы да орналасты. Бастапқыда аш жатқан күніміз көп болды. Кейін қазақ көршілеріміз ас-су жеткізіп, үнемі көмектесіп тұрды.

Эхман атайдың туысы Ши Мон Сон Ақтөбе қаласында тұрады. Қазақ тіліне жетік жігіт ағасы Ақтөбедегі мемлекеттік университет жанынан ашылған тіл орталығын басқарады.

Ши Мон Сон, шараға қатысушы /Ақтөбе/:

- Қазақстанның ерекшелігі бар, басқа елде болмайтын. Өйткені көптеген ұлт өкілдері осында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Менің ойымша, 130 ұлт өкілдері бар. Бүкіл әлемге үлгі болатын нәрсе. Сол маған ұнап тұр. Сондықтан осындай шараларды әрі қарай да өткізу керек деп ойлаймын.

Өңірлік ассамблея өткізген шараға еліміздің бірнеше аймағынан келген отыздан астам корей жанұясы қатысты. Олар алдымен көркемсурет көрмесін тамашалап, ұлттық сусыннан дәм татты. Мұнан соң қазақ дәстүрін ұстанған кәріс отбасында дүниеге келген баланың тұсаукесер рәсіміне куә болды.

Сергей Огай, Қазақстандағы корейлер ассоциациясының  президенті:

- Бұл шараның қазақ елінде тұратын кәріс отбасылары үшін маңызы зор. Олар осыдан 80 жыл бұрын Қиыр Шығыстан өзге де ұлттармен бірге Қазақстанға күштеп қоныс аударылды. Өздері де қиын жағдайда тұрғанына қарамастан қазақ ұлты қамқорлығына алуының арқасында бүгінгі ұрпақ тарады. Қазір барлығымыз бірге азат елде өмір сүріп, жарқын болашаққа қарауымыз әлемге үлгі.

Шара соңы Достық үйінің көркемөнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы