382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеліктер қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

  • 116
  • UPD: 14:48, 31.05.2019

Ақтөбеліктер қала маңындағы Түйетөбе басына барып, қуғын-сүргін құрбандарын еске алды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл – солақай саясаттың салдарынан түрлі жала жабылып, жазықсыз атылғандардың жерленген жері. Зұлмат жылдары қаза тапқандардың рухына құран бағышталып, гүл шоқтары қойылды.

Бұл жолы да Түйетөбенің басына жиналған халық саны көп болды. Олар жыл сайын дәл осы күні мұнда орнатылған ескерткішке келіп, ата-баба рухына тағзым етеді. Өткен зұлмат жылдардың зардабы туралы айтып, енді ондай ауыр кезеңдердің болмауын тіледі. Бүгінгі шараға қарапайым тұрғындардан өзге жергілікті билік және азаматтық қоғам өкілдері келді.

Қуғын-сүргін жылдары жазықсыз атылған құрбандардың сүйектері елімізде ең алғаш рет осы маңнан табылған көрінеді. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде кездейсоқ анықталыпты. Алғашқыда табылған 127 адамның сүйегін арулап қайта жерлеген. «Дегенмен төбе айналасында әлі де жүздеген құрбанның жатуы мүмкін», – дейді тарихшы-ғалымдар.

Жалпы, 1936-1937 жылдардағы саяси репрессия кезінде бір ғана Ақтөбе облысынан 8 мыңға жуық адам тұтқындалып, оның 2000 астамы ату жазасына кесілген. Олардың ішінде өткен ғасырдағы ұжымдастыру кезінде зорлық-зомбылыққа қарсы шығып, көтеріліске қатысқандар, әр жылдары Ақтөбе өңірінде қызмет еткендер де бар. Сонымен қатар облыс аумағына жер аударылған түрлі ұлттардың өкілдері де жазаға ұшыраған. 1937-38 жылдары «үлкен террор» кезінде ату жазасына кесілгендер осы Түйетөбе сайында жерленген. Қасіретке толы мекендегі қорым анықталған соң, мұнда 1997 жылы ескерткіш-белгі орнатылды.

Авторы: Әнуарбек Мырзатайұлы

Хабар 24 телеарнасы