389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жер телімдері нарықтағы бағамен есептеледі

  • 268
  • UPD: 14:47, 31.05.2019
Жер телімдері нарықтағы бағамен есептеледі

Елімізде енді мемлекет меншігіне қайтарылатын жер телімдері мен жылжымайтын мүліктер нарықтағы бағамен есептеледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай жаңалық биылғы жылдың 21 қаңтарындағы кейбір заңнамалық актілерге енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың арқасында мүмкін болып отыр. Ал оған дейін мемлекеттің қажеті үшін алынған жерлер мен мүліктердің иесіне оның о бастағы құны ғана төленетін. Мәселен, былтыр Ақмола облысында осындай 32 жер телімі қайтарылған. Олардың көбісі Көкшетау қаласындағы ескі үйлер. Ол отбасыларға басқа пәтер ұсынылғанымен, жердің кадастрлық құны немесе мемлекетке төлеген салығының өтемі ғана берілген. Енді бұдан былай жерді де, үйді де жергілікті билік нарықтағы бағамен сатып алуға міндетті болады. Осы өзгерістерді әділет органдары мен жер қатынастары саласының мамандары Көкшетауда өткен брифингте журналистерге түсіндіріп берді. Бұндай түсіндіру жұмыстары облыстың барлық аудандарында жүргізілмек.

Гүлмира Әкімова, облыстық әділет басқармасы басшысының орынбасары:

- Жер телімдерін мемлекет қажетіне қайтару процесі төрт кезеңнен тұрады. Біріншіден, әкімдік шешім шығарып, ол жайлы меншік иесіне хабарлауы қажет. Онан соң шешімді 3 күннің ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен өз сайттарында жариялауы тиіс. Содан кейін жердің иесіне келісімге келу үшін 3 ай уақыт беріледі. Ал осы уақыт ішінде әкімдік ұсынған шарттармен келіспесе, істің анығын-қанығы сотта қаралады.

Римма Қарымсақова, облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім жетекшісі:

- Жеке тұрғын үйлерге келетін болсақ, бұрын тек сол үйдің ғана құны есептелетін. Ал қазір жері де нарықтағы бағамен бағаланады. Жері өз атына рәсімделмеген жағдайда оған кететін уақыт та 6 айдан 1 жылға дейін созылып отыр. Яғни мұның барлығы меншік иесінің зардап шекпеуі үшін жасалуда.

Хабар 24 телеарнасы