384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шекарашы суға батқан жүкті әйел мен оның 5 жасар баласын құтқарып қалды

  • 103
  • UPD: 17:16, 31.05.2019
Шекарашы суға батқан жүкті әйел мен оның 5 жасар баласын құтқарып қалды

Шекарашы суға батып бара жатқан жүкті әйел мен оның 5 жасар баласын құтқарып қалды.

Бұл туралы ҰҚК шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Петропавл шекара жасағына қарасты «Бидайық» өткізу бөлімшесінің әскери қызметшісі Сергей Гайдай демалу үшін Ш. Уәлиханов ауданының Бидайық ауылындағы көл жағасына барады.

«Шекарашы автокөлігіндегі төсенішті алып шығып, қағып-сілкіп жатқанда көпір жақтан баланың ащы айғайын құлағы шалады. Жалт қараған ол көпірде ерсілі-қарсылы жүгіріп жүрген екі кішкентай қызды көреді. Ал көпір астында әйел адам судан бір батып, бір шығып жанталасып жүр екен. Сергей ойланбастан суға қойып кетті. Жүзіп жанына барғанда әйел кішкентай баласының суға батып кеткенін айтады. Сергей су астына сүңгіп, көлдің табанын қолымен сипалап жүріп баланы табады да, киімінен тартып, су бетіне алып шығады. Ана мен баланы жағаға жеткізген Сергей ес-түссіз жатқан 5 жасар Нұрәділге алғашқы медициналық көмек көрсетті. Содан кейін ғана бала есін жиды», - делінген хабарламада.

Кейін белгілі болғандай, ол екі адамның емес, үш адамның өмірін құтқарған. Себебі, құтқарылған әйел Махаббат Жетпісованың аяғы ауыр болып шықты. Сергей ана мен баланы автокөлігіне отырғызып, медициналық бекетке алып барған.

Хабар 24 телеарнасы