389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеліктер қуғын-сүргін құрбандарына тағзым ету үшін Түйетөбе басына барды

  • 371
  • UPD: 23:28, 31.05.2019

Ақтөбеліктер қала маңындағы Түйетөбе басына барып, қуғын-сүргін құрбандарын еске алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – солақай саясаттың салдарынан түрлі жала жабылып, жазықсыз атылғандардың жерленген жері. Бүгін мұнда жатқан боздақтардың рухына құран бағышталып, зұлмат жылдардың зардабы туралы айтылды. 

Болатбек Тәжімбет – атасының осы жерде жерленгенін анықтаған азаматтардың бірі. Бұл үшін талай қаланың архивтерін ақтарыпты. Айтуынша, атасы өз заманында Бұқарадағы «Көкілташ» медресесін тәмамдап, саналы ғұмырын сыр бойында асыл дінді насихаттауға арнаған. Алайда бұл қызметі кеңестік идеологияға ұнамапты.

Болатбек Тәжімбет, қала тұрғыны:

– 1937 жылы 1 қазан күні Арал ауданынан ұсталған. 19-нда осында алып келген. Атылсын деп «үштікпен» үкім берілген.

Облыста жеті мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраса, екі мыңға жуығы ату жазасына кесілген. Олардың арасында, өткен ғасырдағы ұжымдастыру кезінде зорлық-зомбылыққа қарсы шығып, көтеріліске қатысқандар, әр жылдары Ақтөбе өңірінде қызмет еткендер де бар. Сонымен қатар облыс аумағына жер аударылған түрлі ұлттардың өкілдері де жазаға ұшыраған.

Ерлан Сайлаубай, тарих ғылымдарының кандидаты:

– Қаншама адамдардың жерленгені қазір анықталған емес. Сонымен бірге, осы Ақтөбенің ар жақ бетінде де «Кемпірсай» деген жер бар.

Бұл жолы да Түйетөбенің басына жиналған халық саны көп болды. Олар ата-баба рухына тағзым етіп, зұлмат жылдардың зардабы ұрпақ жадынан әлі кеткен жоқ десті. Шараға қарапайым тұрғындардан өзге, жергілікті билік және азаматтық қоғам өкілдері келді.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы