389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыдағы Спасск зиратына 5000-нан астам әскери тұтқын жерленген

  • 382
  • UPD: 21:46, 31.05.2019

Қарағандыдағы Спасск мемориалды кешенінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митинг өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салтанатты шараға дипломатиялық миссия өкілдері қатысты. Қонақтар Карлагта тұтқында болып, қаза тапқан ата-бабаларының рухына тағзым етті. Көздеріне жас алып, құрмет көрсетіп жатқан қазақ жұртына алғыстарын жеткізді.

Тарихи деректерге сүйенсек, Спасск зиратына 5000-нан астам әскери тұтқын жерленген. Олардың арасында сан түрлі ұлттың өкілі бар. Бұл күні ұрпақтары осы топырақтан мәңгілік мекен тапқан ата-бабаларының рухына тағзым етті. 

Қасіретті жылдары қаншама қазақ зиялылары да тоталитарлық жүйенің құрбаны болды. Соның бірі Сәкен Сейфуллиннің туғанына биыл 125 жыл толып отыр. Ол 1937 жылы тұтқынға алынып, жарты жылдан соң ату жазасына кесілген.

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

– Тұтас бір ұлттың көзін жою мақсатында еліміздің бір күнде 25 мың азаматы атылып кетті. Ол ұлттың интеллектуалды элитасы болды. Орасан шығынға ұшырағанына қарамастан, біздің халқымыз ұлттық болмысы мен асыл қасиеттерін сақтап қалды. 

Бұл күні Қарағанды орталығында тағы бір ескерткіш тақта ашылды. Александр Чижевский тұтқаннан босаған соң, дәл осы үйде тұрған. Ғалым ұзақ жыл қаладағы аурухана мен институтта еңбек етеді.

Нұрлан Дулатбеков, карлаг тарихын зерттеуші:

– Әрбір адам өткенін білу керек. Олар қуғын-сүргінге ұшыраған үлкен азаматтар, ғалымдар, үлкен әртістер, барлығы біздің жүрегімізде сақталу керек. Ол келер ұрпақ үшін керек нәрсе.

Тарихшылардың айтуынша, зұлмат жылдары Қарағанды лагерлерінде бір миллионнан астам адам азапталған екен. 1987 жылы ең бірінші болып жапондықтар қаза болған отандастарына арнап белгі қойған болатын. Ал қазір Спасск мемориалды кешеніндегі ескерткіштер саны 30-дан асады. 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы