387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысы Көкжиде ауылында кәсіпкер балаларға спорт алаңын тарту етті

  • 346
  • UPD: 08:10, 01.06.2019

Енді Алматы облысындағы Көкжиде ауылында ұйымдастырылатын жарыстар құм басып, шаңы шығып жатқан жерде емес, арнайы алаңда өткізіледі.

Жергілікті кәсіпкер ауыл жеткіншектеріне арнап, спорт алаңын салып берді. Туған жеріне тарту жасаған азамат елді-мекендегі өзге де игі істерге ұйытқы болыпты. Тақырыпты тілші тарқатады.

Бұндай футбол алаңы бұл ауылда бұрын соңды болмаған. Құмда доп теуіп үйренген балалар қазір жасыл желекпен көмкерілген жасанды стадионның қызығына тоймай жүр. Таңертеңнен қара кешке дейін адам қарасы үзілмейтін алаңда түрлі жарыстар ұйымдастырылып, жеткіншектер өзара сынға түседі.

Дәулет Досымжан, оқушы:

- Бұрында бізде осындай стадион жоқ болды. Біз өзіміз команда құрып шаңда ойнайтын едік. Қазір стадионымыз бар. Жақсы болды. Қазір доп қуып ойнап жүрміз.  

Атымтай жомарт ауыл жеткіншектерімен қатар бүлдіршіндерге де тарту жасаған. Ойын алаңын ашып, әр түрлі әткеншектер мен үйшіктерді орнатып берді. Мыңнан аса тұрғыны бар ауылды аббаттандыруға да өз үлесін қосқан.  

Сабыржан Ноғайбаев, ауыл тұрғыны:

- Бұл кісінің ауылға, ауданға, облысқа деген қамқоршылығы мол. Жасап жатқан игі істері көп. Ауылдың атынан рахмет айтамыз. Нарымбет атамыз сияқты нар тұлғалы азаматтарымыз көп болсын деп тілейміз.

Кәсіпкер ауылдастарына жасаған жақсылығына тоқмейілсіп тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта туған жерінде дәмхана ашып, заманға сай   спорт залын салып бермек.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы