389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында балғындар мен жастардың музыкалық шеруі өтті

  • 421
  • UPD: 13:46, 01.06.2019

Қызылорда облысында да балғындар мен жастардың музыкалық шеруі өтті. Оған аймақ бойынша 50 мыңдай оқушы қатысты.

Одан бөлек бүгін өңірдегі барлық тынығу лагерьлері өз жұмысын бастады. Сыр еліндегі шат-шадыман бүлдіршіндердің риясыз күлкісі естілетін шаралар туралы әріптесім Қамбар Бекенов тікелей эфирде баяндап беруге дайын.

- Қамбар, қайырлы күн. Мерекелік шеру биыл несімен ерекше? 

Қамбар Бекенов, тілші:

- Республиканың барлық білім беру ұйымдарын біріктіретін кең көлемді акция Достық үйінен бастау алды. Өңір өнерпаздары бастаған көркем-эстетикалық шеруге биыл «Мәншүк маршы» қорабы қосылды.

Шеруге қатысушылар Достық үйінен сап түзеп шығып, орталық алаңға дейін жүріп өтті. Көше-фестивалі «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы аясында отансүйгіштікті дәріптеуге арналды. Облыс орталығындағы барлық колледж оқушылары мен спортшы өрендер, білім бәйгесінің жеңімпаздары және жас жол сақшылары керуеннің көркін қыздырды. Сыр еліндегі бар жақсылық балалар бақытына арналады. Балауса балдырғандарға жасалған қамқорлық – ел ертеңі үшін қаланған берік іргетас іспеттес.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Бүгін сондай-ақ облыстағы 9 лагерь мен мектеп жанынан ұйымдастырылған 550 орталық алғашқы тынығушыларын қарсы алды. Жалпы ағымдағы тынығу маусымында 145 мың сырбойылық өрен демалыс орындарымен қамтылмақ.

Майра Мелдебекова, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Жалпы бізде 98% балалар қамтимыз дейміз. Оның ішінде әртүрлі демалыс түрлері бар. Лагерь, шатырлық лагерь, мектеп жанындағы лагерь, одан басқа ата-аналарымен бірге басқа қалаларға, мемлекетке барып демалатын лагерьлер бар. Тынығу процесін, үйірмелерді бәрін қосқанда балаларды үлкен ауқымда қамтимыз деп отырмыз.

Қалалық мәдени және демалыс паркінде «Бала күлкісі – сәні, көркі әлемнің» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Шаһар басшысы 200 сырбойылық өренге Сырдария лагеріне тегін жолдама берді. Балғындарға тегін балмұздақтар таратылып, ойын аттракциондары ақысыз қызмет етіп жатыр. Сондай-ақ арнайы әзірленген мерекелік тәттіге қарық болған бүлдіршіндерге ойыншықтар үлестірілді.

Хабар 24 телеарнасы