378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Байқоңырдағы көпбейінді ауруханада хирургия бөлімшесі ашылды

  • 150
  • UPD: 23:54, 01.06.2019
Байқоңырдағы көпбейінді ауруханада хирургия бөлімшесі ашылды

Осының арқасында жұлдызды қалашықпен қатар облыстың солтүстік аудандарының 300 мыңдай тұрғынына сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік жасалып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

10 шақты жыл бұрын перзентхана ретінде салынып, бірақ Ресей тарапы өз меншігіне алмай, қаңырап бос тұрған нысан 2016 жылдан бері күндізгі стационар ретінде қызмет көрсетіп келсе, қазір тәуліктік стационарлық кестеге көшті.

Республикалық бюджеттен 600 миллион теңге қаржы бөлініп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған ауруханада бұған дейін оңалту, терапия, офтальмология, лор, гинекология бөлімшелері ашылған. Енді олардың қатарына жансақтау және хирургия бөлімшесі қосылып, 1 апта көлемінде 7 науқасқа операция жасалды.

Бекет Мәнтаев, облыстық медициналық орталығының хирургі:

- Жоғары технологиялы аппаратпен толық қамтылған. Науқастарға лапароскопиялық аппаратпен операция жасалуда. Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары тұрғындарына хирургиялық жоғары мамандандырылған көмек көрсетілуде. Өт тасы ауруы, гинекологиялық науқастарға, асқазан-ішек жолдарына хирургиялық көмек көрсетуге толық мүмкіндік бар.

Медициналық орталықтың емханасына Байқоңырдан бөлек іргедегі Ақай мен Төретам ауылдарының 50 мыңдай тұрғыны тіркелген. Олардың барлығы түрлі дертке дауа іздеп ірі қалаларға сабылатын. Алдағы уақытта мұнда жасалатын операциялардың түрі 19-ға жеткізілмек.

Қарасай Нұров, Байқоңыр көпбейінді ауруханасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі:

- Сынған сүйектер, бітпей қалған сүйектер, сүйектің қараюы, шіруі. Көптеген адамдар қазір металл конструкциямен жүр. Астана, Алматы, Қызылордада жасалып, олар уақытында бара алмай жүр. Сүйектерінен жоспармен металын аламыз.

Көпбейінді аурухана қазір мамандар құрамы жасақталып жатыр. Ендігі меже – перзентхананы іске қосу.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Хабар 24 телеарнасы