380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте 569 мыңнан астам адам өз таңдауын жасайды

  • 169
  • UPD: 18:15, 05.06.2019

Шымкент республикалық маңызы бар қала атанғалы алғаш рет Президент сайлауын өткізеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

9 маусымда шаһардағы 260 сайлау учаскесінде 569 мыңнан астам адам өз таңдауын жасайды. Сайлауға қатысатын азаматтардың 30 мыңы – мүмкіндігі шектеулі жандар. Олардың өз таңдауын жасауына қаншалықты жағдай жасалған.

Сайлауға санаулы күндер қалды. «Ал Шымкенттегі 260 сайлау учаскесінің барлығы дерлік саяси науқанға сақадай-сай», – дейді жауапты мамандар. Оған түсірілім барысында біз де көз жеткіздік. Қазір сайлаушылар тізімі толық реттеліп хатталған. Мәселен, Абай ауданындағы №2 сайлау учаскесінде 2489 сайлаушы дауыс береді. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да жағдай жасалып, учаскеге қарасты 39 ерекше жанға аса көңіл бөлінбек. 

Гүлзат Ысқақова, қалалық №2 сайлау учаскесінің төрайымы:

- Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған трафареттер,  құлаққап, лупа – олардың барлығы бізде бар. 

Осы дауыс беру орнына келген Ермек Қалымбетов І топтағы мүгедек санатына жатады. Ол мұнда өзін тізімнен тексеру үшін ат басын бұрыпты. Сондай-ақ сайлау учаскесі орналасқан ғимаратты көзбен көріп, мұндағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалған жағдайға қанық болды.

Ермек Қалымбетов, қала тұрғыны:

- Мүмкіндігі шектеулі жандардың көбісі үйде жатып қалатындары бар. Сыртқа шыққылары келетіндері бар.  Соларды қоғаммен араластыру керек деп ойлаймын. Көңілден шықты. Ыңғайлы. Құдай қаласа, осында келіп өз дауысымды беремін деген ойдамын.

Ал Әл-Фараби ауданындағы №93 сайлау бекетінде өз таңдауын жасайтындардың саны 2 мыңнан асып жығылады.  Оның 40-ы – мүгедектер. «Инватаксимен» өзінің тұрғылықты сайлау учаскесіне келген Айсұлтан Шыналиевпен де аяқ асты сұхбаттасудың сәті түсті. Мұндағы қол арбамен емін-еркін кіретін пандустың сапасы оның көңілінен шықпады. Жауаптылар бұл олқылықтың реттелетінін жеткізді. 

Айсұлтан Шынәлиев, қала тұрғыны:

- Пандусын шамалы дұрыстап жіберсе болды. Дөңгелектері сыймай қалады. Артындағы итерген адамға да ыңғайсыз болады. Сосын көзі көрмейтін адамдарға жолақ істесе дейміз.

Көзі нашар көретін Жарылқасын Айнақұлов та №148 дауыс беру орнына барып зағип жандарға сайлауда не қажет екенін жеткізді. Себебі мұнда келіп саяси науқанға қатысатын 2900 адамның 67-сі бірінші және екінші топтағы мүгедектер.

Жарылқасын Айнақұлов, қала тұрғыны:

- Кіріп-шығуына арналған жол белгісі көрсетілген болса. Одан кейін дыбысталған кабинкалар. Қай кабинкаға кіретініңді білсең. 

«Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың айтқан өтініш-тілектері ескеріледі», – дейді жауаптылар. Ал олар үшін арнайы пандустар тек жабық 3 сайлау учаскесінде қамтылмаған. Саяси науқан күні мұндай жандарды қалада 54 әлеуметтік және инватаксилер тасиды.

Алмас Бейсеев, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары:

- Тиісті кемшіліктер бар, жоқ емес. Оған әкімдік тарапынан қаражат қаралып бөлінуде. Кірген кезде зағип жандарға тактильді тақта қойылуы керек. Бүгінгі таңға 260-тың ішіндегі 180 учаскеде тактильді тақта қойылған. Басқа учаскелерде құрылу жұмыстары жүргізілуде.

Сайлаудың әділ өтуін көзбен көру үшін келген Орталық сайлау комиссиясынан аккредитациядан өткен шетелдік 4 байқаушы Шымшаһарда жұмысын бастапты. Алдағы дүйсенбі де олардың тағы 19-ы келеді деп күтіліп отыр. Ал қалалық сайлау комиссиясының болжамына сүйенсек,  шымкенттіктердің 75-80 пайызы сайлауға қатысады.

Авторлары: Нұрбек Байбосын,  Нұрмахан Мұсатов,  Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы