382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда заманауи балалар сарайының құрылысы басталды

  • 130
  • UPD: 23:52, 01.06.2019

Қарағанды қаласында балалар мен жасөспірімдер сарайы салынады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бүгін нысанның алғашқы кірпіші қаланып, 2050 жылға дейін сақталатын капсула қойылды. Достық үйінің жанынан бой көтеретін ғимарат 4000-ға жуық баланы қабылдай алады. Жоба құны – 4 млрд теңге.

Бұл нысан техникалық және химия-биологиялық бағыттағы 380 орындық заманауи балалар мен жасөсіпірімдер сарайы болмақ. Балалар гидропоника, космонавтика, нанотехнология, авиамодельдеу мен роботты техника бойынша үйірмелерге қатысу мүмкіндігін алады.

Ерлан Қошанов, облыс әкімі:

- Былтырғы жылы ғана Елбасы Қарағанды қаласына келіп біз жаңа орталықпен таныстырған кезде, Елбасы балаларға арналған Оқушылар сарайын салуды тапсырған болатын. Балалардың саны өсіп келе жатыр, ол балаларға мектептен тыс қосымша білім алуға бар мүмкіндікті жасауымыз қажет.

Жаңа нысан үш қабатты, ал оның сыртқы келбеті энергия үнемдеуіш шынымен қапталмақ. «Балалардың қауіпсіз ғимаратта білім алуына барлық техникалық жағдай қарастырылған», – дейді құрылысшы компания өкілдері. Сонымен қатар мұнда бейнелеу және қолданбалы өнер, 50-ге жуық тіл үйірмесі жұмыс істейтін болады. Футбол және екі баскетбол алаңын салу жоспарлануда.

Әділхан Әбілдин, құрылыс компаниясы бас директорының орынбасары:

- Архитектура жағынан Қарағандыда нысан ерекше болып табылады. Балаларды дамытуға бүкіл жағдай жасалған. Құрылыс ертең басталса, мерзімінде тапсыруға кепілдік береміз.

Қазір аймақта 135 мың балалар мен жасөспірім бар. Жалпы, өңірде 64 қосымша білім беру ұйымдары тіркелген. Былтыр 4 технологиялық парк ашылған. 2019 жылдың соңына дейін олардың санын 8-ге дейін өсіру жоспарланып отыр.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов

Хабар 24 телеарнасы