382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында тұрмысы төмен отбасыларға қаржылай көмек көрсетілді

  • 162
  • UPD: 23:51, 01.06.2019

Бүгінгі балалар мерекесінде маңғыстаулық жеткіншектерге ақшалай сыйлық беріліп, балмұздақ үлестірілді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қайырымдылық шара балалардың ұлттық спортқа ынтасын оятуға бағытталған ат жарыс аясында өтті. Ұйымдастыру алқасы қаржылай қолдау көрсету үшін тұрмысы төмен он отбасын арнайы шақырған.

Сайын Шапағатов ауылының іргесіндегі алаңға көпшілік таңсәріден жиналды. Бәйгеге ат қосқан ата-ана тақымын қысып, шабандоз перзентіне жанкүйер болып тұр. Балалар мерекесіне орай өткен ұлттық спорт сайысына 80-ге тарта жеткіншек қатысты. Барлығы өңірлік ат спорты орталығының оқушылары. Тұлпары мәре сызығын бірінші болып кескен өренге 400 мың теңге берілді. Қалған жеңімпаздар да ақшалай сыйлық пен велосипедке ие болды.

Марияш Жайманова – осы шараға арнайы шақырылған он ауыл тұрғынының бірі. Өзі үш бала бағып үйде отыр. Бір перзенті сырқат ана жер үй ауласындағы сарайда тұрады. Бүгін қайырымды азаматтар берген қаржыға тәтті тағамдар алып, жанұясын қуантпақшы.

Марияш Жайманова, ауыл тұрғыны:

- Балалар күні мерекесіне арналып жатқан ат бәйгесіне келіп отырмыз. Жүлде алып жатыр балалар. Мұқтаж жандарға көмектесіп жатыр. Осында 10 мұқтаж жан жазылған екен. Соның төртеуі келді.

«Алтынтай» деп аталған ат бәйгесін ұлттық спорт түрлері орталығы мен қоғамдық бірлестік өткізді. Соңғысына мүше жомарт жүрек кәсіпкерлер осы тектес қайырымдылық шараларды облыс көлемінде жыл сайын өткізіп келеді.

Шадырах Ермекбайұлы, «облыстық Ұлттық спорт түрлері федерациясы» ҚБ президенті:

- 325 мың теңгені біз жағдайы төмен отбасыларға бөліп бердік. Сайын Шапағатов елді мекенінен 10 отбасының тізімін берген. Қалған отбасыларға береміз деген қаражатымыз сақтаулы тұр.

Бұған дейін бірлестік өкілдері тұрмысы төмен төрт жанұяға Ақтаудан пәтер сыйлады. Сондай-ақ шаһарда бір мың шырша отырғызып, сырты тозған көпқабатты тұрғын үйлерге әрлеу жұмыстарын жүргізді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы