389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Байқоңырдағы көпбейінді ауруханада хирургия бөлімшесі ашылды

  • 383
  • UPD: 09:16, 02.06.2019

Байқоңыр қаласындағы көпбейінді ауруханада хирургия бөлімшесі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша жұлдызды қалашықпен қатар облыстың солтүстік аудандарының 300 мыңдай тұрғынына сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік туып отыр. 10 шақты жыл бұрын перзентхана ретінде салынып, Ресей тарапы өз меншігіне алмай, қаңырап бос тұрған нысан 2016 жылдан бері күндізгі стационар ретінде қызмет көрсетті. Қазір тәуліктік стационарлық кестеге көшкен.

Республикалық бюджеттен 600 миллион теңге қаржы бөлініп, қажетті құрал жабдықтармен қамтылған ауруханада бұған дейін оңалту, терапия, офтальмология, лор, гинекология бөлімшелері ашылған. Енді олардың қатарына жансақтау және хирургия бөлімшесі қосылып, 1 апта көлемінде 7 науқасқа операция жасалды.

Бекет Мәнтаев, облыстық медициналық орталығының хирургі:

– Жоғары технологиялы аппаратпен толық қамтылған. Лапроскопиялық аппаратпен операция жасалуда. Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары тұрғындарына хирургиялық жоғары мамандандырылған көмек көрсетілуде. Өт тасы ауруы, гинекологиялық, асқазан-ішек жолдарына хирургиялық көмек көрсетуге толық мүмкіндік бар.

Медициналық орталықтың емханасына Байқоңырдан бөлек іргедегі Ақай мен Төретам ауылдарының 50 мыңдай тұрғыны тіркелген. Олардың барлығы түрлі дертке дауа іздеп ірі қалаларға сабылатын. Алдағы уақытта мұнда жасалатын операциялардың түрі 19-ға жеткізілмек.

Қарасай Нұров, Байқоңыр көпбейінді ауруханасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі:

– Сынған, бітпей қалған сүйектер, сүйектің қараюы, шіруі. Көптеген адам қазір металл конструкциямен жүр. Астана, Алматы, Қызылордада жасалып, олар уақытында дер кезінде бара алмай жүр. Сол кісілердің сүйектерінен металын аламыз. Алға басып жүріңкіреп кеткесін, іріңді аурулар: фурункулез, абцесс, флегмона соларды жатқызып емдейміз. 

Көпбейінді ауруханада қазір мамандар құрамы жасақталып жатыр. Ендігі меже – перзентхананы іске қосу.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Хабар 24 телеарнасы