378,45 426.20 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-ға биыл 1,5 миллионнан астам турист келуі мүмкін

  • 143
  • UPD: 15:16, 03.06.2019

Бұқтырма жағалауын курортты аймаққа айналдыру керек.

Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданындағы туристік сала кәсіпкерлері осындай пікірде, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Жалпы, биыл өлкеге келетін туристер саны 1,5 миллионнан асып жығылуы мүмкін. Соның 200 мыңнан астамы Бұқтырма жағалауына бет бұрады екен. Сондықтан ондағы демалыс базаларында қазір қарбалас кезең басталды. Өйткені ең басты мақсат – тынығушыларға сапалы әрі жайлы қызмет ұсыну.

Бұқтырма жағалауы – Шығыс Қазақстандағы ең тартымды демалыс орындарының бірі. Бұл жерге бір келген адам қайта айналып соғары анық. Өйткені мөлдір су мен әдемі табиғат келушілерді тәнті етпей қоймайды.

Қазір Бұқтырманы бойлай орналасқан демалыс базаларында туристік маусымға әзірлік қызу жүріп жатыр. Владимир Нифанов та өзіне қарасты 30 үйді тынығушылардың талғамына сай ету үшін дайындықты бастап кеткен. Демалушыларға қажет құралдарды тексеру, жөндеу, сырлау сынды шаруалар атқарылуда.

Ауа райы құбылмалы аймақта туристік маусым да аса ұзақ емес, бар болғаны 40-50 күнге созылады. Дегенмен Владимир Нифановтың айтуынша, Бұқтырма жағалауына курортты аумақ дәрежесі берілсе, осы қысқа маусымның орнын толтыруға әбден болады.

Владимир Нифанов, демалыс базасының иесі:

- Бұқтырма жағалауына курортты аумақ дәрежесі берілсе, бұл жаққа инвесторлар назары бірден ауады. Банктермен қаржылық операцияларды жүргізу де жеңілдер еді. Бұл қызмет көрсету сапасын жоғарылатып, туристермен тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Оның үстіне Өскеменнен  Рахман бұлақтарына дейінгі аралықтағы жол да жөнделіп жатыр. Құны 5 миллиард теңгеден асатын бұл жоба демалыс базаларымен арақашықтықты қысқартып, ең қауіпті Осиновск өткеліндегі серпантинді айналып өтуге мүмкіндік береді. Владимир Нифановтың айтуынша, бұл да демалушылар санын арттыруға сеп. Түптеп келгенде, қазір Бұқтырмада жыл бойғы демалыс ұйымдастыруға әбден болады.

Владимир Нифанов, демалыс базасының иесі: 

- Мемлекет тарапынан қолдау болса, коммуникация жүргізілсе, қысқы демалыс маусымын да қорықпай ашуға болады. Ал оның барлығын тек электр энергиясының көмегімен ғана жасау бізді үлкен қаржылық шығынға әкеліп  тірейді.

Сала басшыларының айтуынша, елімізде қазір туристік карта жасалды. Осы бойынша туристік орындардың ондығы мен елулігі анықталды. Ондыққа кірген Алакөлде қазір жағалау абаттандырылып, саябақтар салынып, қыруар істер атқарылуда. Бұқтырма болса елулікке кіріп отыр. Ендеше бұл жағалауды да мықты жобалар күтіп тұр.

Марат Қабақов, облыстық туризм және сыртқы байланыс басқармасының басшысы:

- Былтыр ТОП-10-ға кірген Алакөлде мастер план жасалған болатын, сол бойынша үлкен шаралар атқарылып жатыр. ТОП-50-ге кірген Бұқтырма жағалауында да биыл мастер план қабылданды, соның аясында Алакөлдегі сияқты іс -шаралар жасалатын болады.

Жалпы, Бұқтырма маңында бүгінгі күні 120-дан астам шағын және ірі туристік кешен орналасқан. Барлығы бір демде 12500 туристі қабылдауға қауқарлы.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Руслан Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы