379,60 431.00 6.04
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада биылғы жазда 9 млн-ға жуық гүл егіледі

  • 125
  • UPD: 15:14, 03.06.2019

Көктемде 14 мың түп ағаш отырғызылған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жасылдандыру жұмысы қарқынды жүргенімен, әлі де ағаш-талдың аздығы сезіледі. Әсіресе жаңа шағын аудандарда жасыл белдеу жетіспейді.

Мынау ұзын жолдың бойындағы жасыл белдеу. Жас талды барынша молынан отырғызған екен. Алайда жерсінбеген бе, көбі биыл көктемей қалған. Кейбірін адамдар сындырып кеткен.

Ұлы дала даңғылы бойында екі жыл бұрын егілген ағаштардың қурап қалғанын тұрғындар да аңғарған. Әр талдың түбіне тіреу болар қазық қаққанымен, одан пайда болмаған. Айгүл Бердімағанбетова балаларымен серуендегенді жақсы көреді. «Алайда ағаш-тал аз жерде көлеңке жоқ», – дейді. Бұл ауданда құрылыс қарқынды жүріп, биік үйлер салынып жатыр. «Сондықтан ауаны тазалап отыратын жасыл мол болса», – дейді. 

Айгүл Бердімағанбетова , қала тұрғыны:

- Біз тұратын ауданда көк аз. Мейлінше біз балаларымыз көлеңкеде ойнаса екен дейміз. Ағаштарды көп отырғызу керек деп ойлаймын. Ол, бір жағынан, ауаны тазартса, екіншіден, сая болар еді.

Әкімдік жауапты жерлердің жасылы қурап жатқанда, жеке компанияға тиесілі жер жайқалып тұр. Бизнес орталығы мен қонақүй орналасқан ғимараттың жан-жағында өсімдіктің 10 түрі егілген. Гүлдің тұқымын Еуропа мен Жапониядан алдырған. Компания директорының айтуынша, егілген өсімдіктің көбі аса бір күтімді қажет етпейді.

Ерлан Оспанов, компания жетекшісі:

- Мына гүл түрі күз мезгілінде түрлі түске боялады. Күтімі оңай. Еккен кезде жиі суарып, кейін тіпті суды азайтуға болады. Бізде бірнеше адам осы гүлдерді баптаумен айналысады.

Кәсіпкердің ісі өзгеге үлгі боларлықтай. Жоғарыда айтылған Ұлы дала даңғылы бойындағы қураған ағаш-талдың жайын Есіл ауданы әкімдігінен сұрадық. Айтуларынша, осы ауданда құрылыс жүргізген кәсіпорындар отырғызған екен.

Мадияр Нөгербеков, Есіл аудандық әкімдігінің өтб бас маманы:

- Ұлы дала көшесінде Мәңгілік елден бастап 38-көшеге дейін, бұл көше екі жыл бұрын салынды. Көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Жоба бойынша отырғызылған талдар. Биыл кеуіп қалды. Оған салған мекеменің гарантиясы бар. Биыл күзгі уақытта бәрін қайта орнына отырғызып береді.

Яғни қураған ағаштардың орнына жаңасы егіледі. Жалпы, биыл тек Есіл ауданы аумағында 130 мың шаршы метр алаңға гүл егілді. Қала бойынша 9 млн-ға жуық гүл отырғызылды. Жасылдандыру мәселесінде әкімдіктегілер тағы бір мәселенің шетін шығарды. Айтуларынша, көпқабатты үйлердің ауласындағы газондарды тұрғындар күтіп ұстамайды. Кей жерде қоқыс алаңына айналдырған.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Нұрғали Мамырбаев, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы