387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да 15 мың гектарға соя егілмек

  • 322
  • UPD: 15:10, 03.06.2019

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы жерлерін әртараптандыру жұмыстары жалғасын табуда, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Биыл өңір диқандары бұршақ тұқымдас дақыл егуге бет бұрды. Ол үшін «Солтүстіктің соясы» атты арнайы бағдарлама қабылданды. Енді аталған жоба аясында алдағы бес жылда оның көлемі 1 жарым миллион гектарға дейін ұлғайтылады.

«Он рет өлшеп, бір рет кес». Солтүстікқазақстандық диқан Анатолий Рафальский осы қағиданы ұстанады. Білікті шаруа үш жыл бойы бұршақ тұқымдас дақылды арнайы зерттеген. Тіпті Австрия, Канада, Ресей елдеріне барып тәжірибе алмасыпты. Енді, міне, шығынынан шығымы көп сояны 5 мың гектар алқапқа егіп жатыр.

Анатолий Рафальский, серіктестік басшысы:

- Аса бір күтімді қажет етпейді. Дегенмен барлық технологияларды сақтаған жөн. Егістікті тек белгіленген уақытта бастап, аяқтау қажет. Дәрілеу жұмыстарын да дер кезінде атқарған жөн. Өйтпеген жағдайда жақсы өнім ала алмауымыз мүмкін.

Талап бойынша бір гектар алқапқа шамамен тек 70-80 келі соя егілуі тиіс. Өйтпеген жағдайда дақылдар бір-бірінің өсуіне кедергі жасайды. Сондықтан серіктестік шетелдік дәнсепкіштерді арнайы сатып алған.

Сояны химия, медицина және де тағам өнімдерінде кеңінен қолданады. Бүгінде ол әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие. Оның үстіне ол топырақты азот, фосфор және калиймен байытады.

Бұршақ тұқымдас дақыл суды аса қажет етпейді. Яғни солтүстіктің табиғатына, климатына өте ыңғайлы. Бидай секілді. Оның үстіне соя топырақты бірнеше есеге дейін құнарлатады. 

Ауыл шаруашылығы министрлігімен облыстық әкімдік бірігіп тың жобаны қолға алды. «Солтүстіктің соясы» бағдарламасы негізінде биыл бұршақ тұқымдас дақыл 15 мың гектарға егілмек. Ал алдағы бес жылда оның көлемін 1,5 миллионға дейін ұлғайту көзделген.   

Ерболат Бекшенов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Биыл соя әр ауданда егіледі. Бұл өте жақсы дақыл. Биыл «Солтүстік соясы» жол картасы қабылданды. Сол жол картасы бойынша сояны себетін ауыл шаруашылықтарына субсидия қарастырылған.

Ел қамбасының үштен бірін астыққа толтыратын аймақта қазір жұмыстың нағыз қызған шағы. Өйткені биыл диқандар 4,2 миллион гектарға ырыс дәнін сіңірмек.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы