382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетісуда 525 көп балалы отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады

  • 165
  • UPD: 15:28, 03.06.2019

Алматы облысының Балқаш ауданында 525 көп балалы отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Сонымен қатар биыл Бақанас ауылында 40 үй салынбақ. Соның басым бөлігі көп балалы жанұяларға беріледі. Баспанамен қамту мәселесі мемлекет есебінен ғана емес, жергілікті кәсіпкерлер тарапынан да жүргізіліп жатыр.

Айгүл Елібаева бұрындары жеті баласына 17 мың теңге алатын. Сол кезде қаржысын қажетіне жеткізе алмай қиналатын. Көп балалы анаға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, сәуір айынан бері тұрмысы тәуірленді.

Айгүл Елібаева, ауыл тұрғыны:

- Жағдайымыз жақсы, балаларымыз ойыншыққа жетіп жатыр. Үйімізге үлкен теледидар алайын деп отырмыз. Кеше ғана қызыма самокат алып бердім. Осы төлемақының арқасында қызымды 9-сыныптан кейін оқуға апарайын деп отырмын.

Ауданда көп балалы аналарды баспанамен қамту мәселесіне де баса назар аударылған. Бүгінгі күнге дейін мемлекеттік бағдарламамен 10 шақты отбасы баспаналы болды. Бұл іске жеке кәсіпкерлер де атсалысып жатыр. Мәселен, Бірлік ауылындағы шаруашылық жетекшісі жұмысшыларына 7 үй алып берді. Жаңа үйге қоныстанғандардың қатарында 16 баланың анасы Бағдагүл Әлдибекова да бар.

Бағдагүл Әлдибекова, ауыл тұрғыны:

- Бәленбай жыл мал бағып, малшы болдық. Өсіп-өндік. Әбдіжаппар Қыстаубаев мырза алып берді. Осы үйді наурызда сыйлады.

Әбдіжапар Қыстаубаев, кәсіпкер:

- Кезінде біз жұмысшы таба алмай, 900-ақ гектар жерге егін еккенбіз. Өйткені жұмысшымыз жоқ болатын. Қазір біз қалпына келтірдік. Сол үшін басқа жақтан адамдарды шақыртып, кеткен адамдардың үйін алып беріп жатырмыз. Бір ауылда бір адам басқарып, игеріп отырса керемет болады.

Қазір Балқаш ауданында 50 көп балалы отбасы баспана кезегінде тұр. Олар үшін биыл 10 үй салынып, 35-ін сатып әперу жоспарланған. 22 жанұяға «7-20-25» бағдарламасы аясында 1 млн теңге қайтарымсыз грант берілмек. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы