379,60 431.00 6.04
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда жөндеуден өтпеген жартығасырлық аттракцион әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр

  • 106
  • UPD: 21:29, 03.06.2019

Көкшетаудағы осыдан он шақты жыл бұрын күрделі жөндеу жасалуы керек болған балалар аттракционы әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни қалыпқа келтірілместен, халыққа қызмет етіп келеді.

Шолу шеңбері негізі өткен ғасырдың жетпісінші жылдары тұрғызылған. Тіпті бір жылдары жабылып та қалды. Ал қазір қайтадан іске қосылды.

Шолу шеңберінің тарихы қала тұрғындарына жақсы таныс. 2000 жылдардың басында одан 7 жасар бала құлап қаза тапса, одан кейін оны жөндеуге қыруар қаржы кетеді деген желеумен аттракционның жұмысы біраз уақыт тоқтап тұрды. Бірақ кейіннен жаңартылмастан қайтадан іске қосылды. Ал қазір сол жағдайлардың барлығы ұмыт қалғандай. Орталық алаңға демалуға келгендер оған емін-еркін мініп-түсіп жүр. Алайда барлығы емес. Мәселен, Валентина әжей «оның жаңа кезінде немерелерімді алып келгем, ал қазір ескірді. Сондықтан оның маңына да жоламаймын», – дейді.

Валентина Абрамкина, қала тұрғыны:

– Бұл шеңбердің кімге қажеті бар? Оны күтіп ұстау да оңай шаруа емес. Одан да биік емес, қауіпсіз әткеншектер орнатсын. Мен өз немерелерімді, тіпті ақы берсе де оған шығармаймын.

Аттракцион ақысы – 400 теңге. Арзан болған соң, балалардың ата-аналарын арбап тұрғандай. Аптаның басы болса да, мұнда келімді-кетімді адам көп.

Дамир Берікұлы, тілші:

– Бұл аттракционның қаншалықты ескі және қаншалықты қауіпті екенін сезіну үшін өзіміз де бұған отырып көруді жөн санадық. Қазір міне, мына кабина бізге жақындап келеді. Осыған отырып алып, байқап көреміз. Міне, қазір біз ең биігіне көтерілдік. Қорқынышты екен. Баланы қайдам, менің өзім қатты қорқып тұрмын. Оның үстіне отыратын жерлері әбден ескірген. Мына шынжырлардың барлығы ескірген. Ашық бәрі. Өзіңді қауіпсіз сезіне алмайсың.

Ал аттракционды әкімдіктен жалға алып отырған жекеменшік компания, оны толық қалыпқа келтірмесек те, жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, кем-кетігін қарап отырмыз, - деп ақталды.

Әділ Қабыкенов, қызмет көрсетуші компания өкілі:

– Біз жөндеу жұмыстарын жылда маусым басталар алдында жасаймыз. Резеңкелері мен ұсақ-түйек құрамдас заттарын ауыстырамыз. Ал келешекте жабық кабина орнату ойда бар. Алайда оған көп қаражат керек.

Өткен аптада елімізде болған қайғылы жағдайдан соң Көкшетаудың да құзырлы органдары іске кірісті. Енді мұндағы барлық балалар ойнайтын орындардың заңдылығы тексерілмек.

Игорь Плюснин, қалалық білім бөлімі жанындағы камқоршылық кеңесінің төрағасы:

– Біз бүгін шұғыл түрде қамқоршылық кеңесінің отырысын өткізіп, балалар демалатын орындарды тексеру мақсатында мониторингтік комиссия құратын болып шештік. Оның құрамына ювеналды полициядан бастап, кәсіпкерлер палатасы, білім бөлімі және төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері кіреді. Алдағы уақытта барлық балалар ойын-сауық орталықтарының жұмысына бақылау жүргіземіз.

Ал аталған комиссияның тексеріс нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтарды жауаптылар тез арада ретке келтіруге міндеттеледі. Биіктігі 30 метрлік 1977 жылы салынған шолу шеңберінің де талаптарға сәйкестігі сол кезде белгілі болмақ.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы