378,45 426.20 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеліктер ағаштардың жаппай кесілуіне қарсы шықты

  • 132
  • UPD: 23:37, 03.06.2019

Ақтөбеліктер жасыл желектің жаппай кесілуіне қарсы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрылыс пен жаңа үлгідегі абаттандыруды желеу еткен бірқатар мердігер шаһардағы ағаштарды аяусыз қырқуға кіріскен болатын.

Бұған бей-жай қарай алмаған тұрғындар еріктілер тобын құрып, әрбір тал-теректі қорғауға аламыз дейді. Нәтижесінде орталық саябақтағы талдарды кесу тоқтатылды.

Арынов көшесі бойында жайқалып тұрған 159 ағаштың тамырына балта шабылмақ. Жолды кеңейтуге кіріскен мердігер мекеме кесе-көлденең тұрған желекті кесуге кіріскен. Мемлекеттік сараптаудан өткен жолдың жобасында солай делінген. Алайда кесілген әрбір талдың орнына 3 жаңа көшет отырғызу туралы міндеттеме де бар.

Ерген Аққайдау, мердігер мекеме өкілі:

– 159 ағаштың орнына 477 ағаш отырғызылады. Және ол талдарды біз екі жыл бойы күтіп бағу мойнымызда.

Белсенділердің айтуынша, мұның өзі аздық етеді. Олар мердігерден саябақтың бірнеше жыл қатарынан жайқалып тұратындығына кепілдік талап етіп отыр.

Евгений Лазарчук, еріктілер бірлестігінің ұйымдастырушысы:

– Ақтөбе қаласындағы ағаштардың жайы қазір мәз емес. Ескілері  мезгілсіз кезде кесілгеннен қурап жатыр. Ал, жаңадан отырғызылған көшеттер дер кезінде қаралмағандықтан бой көтере алмайды. Көшеттерді отырғызып, суретке түскен соң ұмытылып кетеді. Ең кем дегенде 2 жылға дейін суарып, жағдай жасамаса, қаражат далаға кетеді деген сөз.

Еріктілердің бұл сөзінің жаны бар. Себебі жыл сайын бөлінетін қаражат шаш етектен болғанымен нәтиже мардымсыз болып тұр. Мәселен 2017 жылы шаһарда 200 мың шаршы метр жер көгалдандырылуы тиіс еді. Ал өткен жылы тіпті 200 миллион теңге бөлініп, дәстүрлі тал-теректерден бөлек жеміс-жидекті бау-бақша отырғызылған. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының бөлімі алма, алмұрт, өрік пен шие сияқты мыңға жуық көшет егілді деп есеп берілгенімен, олардың саны биыл шамамен екі есеге аз екеніне көзіміз жетті.

Хасен Юсупов, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Ағаштардың барлығы біздің ауа райына, климатқа бейімделген сорттар. 2-3 жастық көшеттер отырғызылды. Олар енді 2-3 жылдан кейін өнім бере бастайды. Бұта түрлілері екі жылдан кейін өнім бере бастайды.

Бұдан бөлек Ақтөбені қоршаған жасыл белдеу. Өткен жылы 200 мың түп көшетпен толыққан болатын.

Мансұр Есқожин, тілші:

– Ал мынау тал-теректердің тура бір жыл өткеннен кейінгі жай-күйі. Жергілікті ауа райына әбден жерсінді деп мақтауын жеткізген емендер де, қайыңдар мен үйіңкілер де қурап тұр. Осы алқапқа отырғызылған көшеттердің 5-ақ проценті қыстан аман шыққан. Олардың күзге дейін жайқалып тұратынына кепілдікті кім бере алады?

Дер кезінде суарылмаған ағаштардың қурап қалатыны баршаға мәлім болғанымен, жауаптылар үшін жаңалық сияқты. Себебі бүгінге дейін егілген жасыл желекті баптауға тек бір жылдық келісімшартқа қол қойылып келген. Еріктілердің жанайқайын естіп, шенеуніктер ендігі жерде тамыры тереңге жайылғанға дейін талдарды отырғызған мекемеден кепілдік алуға кірісіпті. Онда да бап көретіні тек бюджеттің есебіне отырғызылған ағаштар. Қалғандарын күтіп-баптауға қала билігінің қаражаты жоқ.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы