379,60 431.00 6.04
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада мыңға жуық көп балалы отбасыға жалдамалы пәтер беріледі

  • 130
Елордада мыңға жуық көп балалы отбасыға жалдамалы пәтер беріледі

Осы жылдың соңына дейін астаналық 928 көп балалы отбасыға жалдамалы пәтердің сертификаты табыс етіледі.

Одан бөлек Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі арқылы 2 пайызбен несие алып, баспана алу жобасы қолға алынуда. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. 

«Көп балалы аналарға қатысты кезек күттірмес екі мәселе бар. Ол алдымен жалдамалы үй мәселесін шешу, екіншіден, арзан бағамен, яғни 2% пайызбен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несие алу. 2% пайызбен төлем бойынша бүгінгі күні келісім жасалды. Тек банктің ішкі құжаттарын реттеу процесі жүріп жатыр. Сондықтан да бұл бағдарламаның жүзеге асуы маусымның 15-інен кейін белгілі болады. Біздің есеп бойынша бұл жоба 17 маусымнан шілде айының басы аралығында іске қосылуы керек. Баспаналы болудың аталған жобасына қатысу үшін көпбалалы отбасы өзінің кіріс көзін растайтын құжатты қамтамасыз етуі қажет. Және пәтерді алуда алғашқы жарна 10% құрайтын қаражаты болмаған жағдайда қалалық әкімдіктен берілетін 1 миллион соманың сертификатын ала алады. Яғни сол сертификат арқылы алғашқы жарнаны төлей отырып, ол отбасыға үйді заңдастыру құқығы беріледі. Осы жерде айта кетсем, биыл әкімдіктің атынан көпбалалы аналарға жылдың соңына дейін 1 мың сертификат берілетін болады. Әр отбасыға 1 млн теңгеден. Бұл жобаны жүзеге асыруға дайынбыз тек банктің хабарын күтіп отырмыз», – деді Е.Каналимов. 

Одан бөлек әкім орынбасары көп балалы аналарға жалдамалы үйлердің берілу жайына да тоқталып өтті. 

«Жалдамалы пәтер бойынша биыл елордалықтарға 928 пәтер бөлінетін болады. Оның 150-і жақын күндері табыс етілетін болады. Құжаттар жағы қалай реттеліп болады, сол күні беріледі. Жалдамалы пәтердің иелеріне арнайы сертификат беріледі. Сол сертификат арқылы көп балалы отбасылар алдағы шілде айының 15-інен бастап тамыз айының 1-іне дейін үйлеріне кіретін болады. Сол сияқты осы куәліктің негізінде әкімдік арқылы Тұрғын үй құрылысы жинақ банкімен келісімшарт жасалады. Келісімшарт 5 жылға жасалады, мерзімі біткен уақытта одан әрі ұзарту мүмкіндігі беріледі. Яғни 5 жыл өткен соң үйді босат деген секілді әңгіме болмайды. Тағы бір рет айтып өтетін жайт бұл мүмкіндік тек қана көп балалы отбасыларға ғана беріледі. Бүгінде елордада 3272 көп балалы адам бар. Сондықтан да бүгіннен бастап қаладағы Р.Қошқарбаев көшесі, 39 үй мекенжайы бойынша құжаттарды қабылдау басталды. Менің пайымдауымша, 17 маусымға дейін құжаттандыру процесі аяқталса, одан әрі сертификатты табыс етеміз. Пәтерлер 2-3 бөлмеден тұрады», – деді ол.  

Оның айтуынша, жыл соңына қарай қараша айында тағы 100-150 пәтер беріледі, ал қалғаны желтоқсан айында Тәуелсіздік күніне орай табыс етілетін болады. 

Сондай-ақ Е.Каналимов баспасөз мәслихаты барысында көп балалы отбасылардан бөлек, жыл соңына дейін кезекті тұрған бюджет және басқа да санатқа жататын әлеуметтік топ өкілдеріне 400-ден аса пәтер берілетінін тілге тиек етті.

Хабар 24 телеарнасы