389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда 80 отбасы баспаналы болды

  • 481
  • UPD: 23:51, 04.06.2019

Олардың 20-сы көп балалы болса, 16-сы жетімдер, ал қалғаны әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға үлестірілді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл баспаналар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы беріліп отыр. Ал жыл соңына дейін аталған жобамен тағы 240 отбасы баспаналы болмақ. 

Көп балалы Балтабаевтар отбасының қуанышында бүгін шек жоқ. Себебі, олар осы күнді 13 жыл бойы күтті. Алты бала тәрбиелеп отырған отбасы «арманымыз орындалды», деп дән риза. Оларға жаңа үйден 3 бөлмелі пәтер бұйырған. 

Айнұр Балтабаева, көп балалы ана:

- Бүгінгі, міне, қуанышты күніміз. Арманыма жеттім. Баспаналы болдым. Пәтер жалдап тұрдым. Қиын болды. Қиын болса да сабырмен күттік. Қобалжып тұрмын. Өте қуаныштымын. Балалармен бірге қуанып жатырмыз. Естігеннен бері бірнеше рет жылап та алдық. қуаныштан жылап жатырмыз.

Жалпы, аймақ тұрғындарының биыл баспаналы болуға мүмкіндіктері көбейді. Себебі, аймақта бірнеше әлеуметтік бағдарлама жүзеге асырылады. Мәселен, жақында «Ақмола жастары» атты жергілікті жаңа жоба іске қосылады. Ол арқылы 600-ден астам жас отбасы пәтер алу бақытына ие болмақ. Ал «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен биыл облыс бойынша кезекте тұрғандарға 400 пәтер беріледі деп күтіліп отыр. Ал олардың 320-сы облыс орталығында.

Марат Жүнісов, қалалық ТҮКШ бөлімінің жетекшісі:

- Осы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биыл бізде тағы 6 үйді тапсыру жоспарланып отыр. Олардың да әрқайсысы 40 пәтерлі. Одан бөлек Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі арқылы 4 үй, яғни 160 пәтер беру қарастырылған.

Жалпы, Көкшетауда 10 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұрса, олардың жартысынан астамы көп балалы, тұрмысы төмен және жетім балалар секілді әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы