389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арысқа қарасты Ақдала ауылындағы сиыр фермасы жаңа технологиямен жабдықталды

  • 670
  • UPD: 11:39, 05.06.2019

Түркістан облысының Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылында орналасқан сиыр фермасы жаңа технологияға иек артып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір мұндағы голштин-фриз тұқымды 1270 бас ірі қараның барлығы автоматты жүйе арқылы компьютермен бақыланады. Әр сиыр тәулігіне орта есеппен 28 литр сүт береді.

Фермадағы барлық жұмыс автоматты жүйе арқылы басқарылады. Сиырлардың аяғына білезік сынды қондырғы орнатылған. Сол арқылы ірі қараның күнделікті кіріп-шыққаны, ішіп-жемі, сүт беруі және денсаулығы толық бақылауда болады. Кенже Жүсіп фермада оператор болып еңбек етеді. Таңертеңнен кешке дейін компьютер арқылы бәрін қадағалап отырады. Сиырлардың жағдайы компьютер экранында графика арқылы көрсетіліп тұрады. 

Кенже Жүсіп, оператор:

– Күнделікті барлығы көрсетіліп отырады. Алдағы уақытта қанша төл алатынымыз, барлығы автоматтандырылған. JPS арқылы сиырлардың жүрісін бақылап отырамыз. Мысалы мына жерде барлық қорадағы сиырлар көрсетілген. Қызыл түс – жаңадан туғандар, көк түс – уақыты келіп, ұрықтандырылып жатқандар. Жасыл түс – буаз болғандар. Мына жерде дабыл беріліп жатыр, бұлар ұрықталуы керек, бірақ проблема болып тұр. Ауырып тұр деп көрсетіп тұр. Бүгіндікке 5 сиырды мал дәрігерлеріне береміз, олар емдеп шығарады.

Сүт өндірумен айналысатын серіктестік 2012 жылы құрылған. Қазір фермада голштин-фриз тұқымды 1270 бас ірі қара бағылады. Оның 560 басы сауылады. Әр сиыр тәулігіне орташа есеппен 28 литр сүт береді. Сонда тәуігіне 15 тонна сүт өндіріледі. Сауын бөлмесі 28 басқа лайықталған. Барлығын автоматты жүйе атқарады. Биыл тағы да 500 бас сүтті сиыр қосу жоспарланып отыр. Ол кезде тәулігіне 30 тонна сүт өндіріледі. Шикізат бірден суыту орталығына жеткізіледі. Сүтті терең өңдейтін компаниялар сол жерден өздері келіп, сатып алады.   

Бақтияр Қуатбек, шаруашылық басшысы:

– 3 қора іске қосылып жатыр. Бұл малдың басын көбейту мақсатында. Арнайы жаңа үлгідегі итальяндық желдеткіштер алынып жатыр. Біздегі ауа райы ыстық болуына байланысты, қорамыз 18 метр биік етіп салынған.

Ферма 27 гектар аумақты алып жатыр. Мал азығын сақтайтын қоймадан бастап, ірі қараға қажеттінің барлығы осында орналасқан. Серіктестіктің иелігінде 2800 гектар жері бар. Қажетті жем-шөбін өздері егіп, күздің күні жинап алады. Шаруашылықта 60-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Авторы: Жандос Жұмабеков

Хабар 24 телеарнасы