382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбелік оқушылар зағип жандарға арналған мобильді қосымша ойлап тапты

  • 183
Ақтөбелік оқушылар зағип жандарға арналған мобильді қосымша ойлап тапты

Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары көзі көрмейтін жандар үшін мобильді қосымша ойлап тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның көмегімен кітап оқып, айналадағы заттарды танып-білуге болады. Ал құтқару қызметтерінің ісін оңтайландыруға арналған тағы бір жоба қазір тәжірибеден өтіп жатыр.

9-сынып оқушыларының ойлап тапқан дүниесі зағип жандардың өмірін жеңілдетуге арналған. Мобильді қосымша әзірше ағылшынша ақпарат бергенімен, көп ұзамай қазақ және орыс тілінде сөйлейді. Сол кезде, көзі көрмейтіндер газет-журналдарды еш қиналмай оқып, айналасындағы заттарды да танып біледі.

Идеядан дайын жобаға дейін үш ай уақыт жұмсаған оқушылардың еңбегін отандық және шетелдік мамандар жоғары бағалап отыр. Нұр-Сұлтанда өткен халықаралық байқау қорытындысы бойынша көмекші құрал, үздік бестіктің қатарына енді. Енді жартылай финалдан сүрінбей өтіп, ақтық сынға жолдама алу – жоспарда. Оған дейін мобильді қосымшаның дизайны жетілдіріліп, тағы да бірер функция енгізіледі. 

Назерке Әбдірахманова, физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

– Бірінші мобильді қосымша телефон арқылы бағыттаушы ретінде жұмыс істеуі мүмкін. Оңға бұрылу, солға бұрылу бағыттарын айтатын болады. Және де екінші қосымша, адамдардың немесе заттардың не істеп жатқанын айта алады. Болашақта біз «Мынау сенің анаң немесе әкең. Ол күлімсіреп тұр» деген секілді функциялар қосқымыз келеді. Кім екенін, туыс екенін айтып беретін болады.

Мұнда білім алатын жастардың тағы бір дүниесі көпшіліктің назарын аударды. Оның ерекшелігі сол, жедел жәрдем, өрт сөндіру және полиция қызметтері бір жүйеге біріктірілген. Жоба тұрғындарға көрсетілетін көмектің сапасын арттыруы тиіс. 

Айжан Ғұбайдолла, физика-математика бағытындағы назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

– Біздің мобильді қосымшаның ерекшелігі – бұл шақырушы адам мен жүргізушінің арасындағы делдалдың болмауы. Яғни диспетчер параллелді жұмыс істегендіктен, ешқандай адами фактордың болмауына мүмкіндік берілмейді. Яғни кез келген адам 101,102, 103 нөмерлеріне тікелей звондамай, біздің қосымшаны қолданып, бірден жүргізушінің картасында жасалған қоңырауды көре алады.

Уақыт талабына жауап беретін екі жоба да сұранысқа ие. Бірақ мобильді қосымша құрастырушылары қолданушыларға тек сапалы өнім ұсынуды басты орынға қойған. Сондықтан да кем-кеміктері түзетілгеннен кейін ғана шынайы өмірде пайдалануға болады дейді.

Асқар Бедер, информатика пәнінің мұғалімі:

– Бастапқыда оны Ақтөбеден бастағымыз келіп отыр. Әрі қарай егер пайдасы болса, Қазақстан бойынша енгізбек ойымыз бар. Екінші қосымша аясында қазір клиникамен жұмысты бастадық. Олардан ақпарат алдық. Болашақта тестен өткізуге келісімін берді. Және де сәтті өтсе, әрі қарай полиция және өрт сөндіру қызметімен жұмыс жасау ойда бар.

Оқушылардың ойлап тапқан құралдары алдағы бірер айда онлайн режимінде өтетін байқауда беделді сарапшылардың назарына ұсынылады. Дарынды жастар қазір сол сынға дайындық үстінде.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы