389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өнерлі балалардың табыс табуы қаншалықты заңды?

  • 450
  • UPD: 10:27, 05.06.2019

Әлеуметтік желінің қазір әлеуеті зор.

Танымал болудың да оңай жолы осы. Әсіресе, балаларына арнайы парақша ашып, шығармашылығы жайындағы жаңалықтарымен бөлісіп, оқырман санын арттырғандар бар. Белсенді парақшамен табыс табуға болатыны да жасырын емес. Алайда бұл қаншалықты заңды?

47 мың оқырманы бар 6 жастағы Дина Манардың парақшасын анасы жүргізеді. Алғашында күнделікті өмірдегі суреттерді жүктеуден басталған парақшада қазір кәсіби фотолар, түрлі түсірілімдер жайлы ақпараттар көп. «Қызымды жан-жақты дамытқым келеді» деген Әйгерім ара-тұра ақылы жобалардың болатынын да жасырмайды. Бірақ бұл бала еңбегін пайдалану емес дейді ол.

Әйгерім Тоқтасынова, Дина Манардың анасы:

– Инстаграмда Динаның ән айтып жүргенін көріп, пайда табады деп ойлайтындар көп. Бірақ шын мәнінде олай емес. Түсірілімдер жарты жылда бір рет болады. Кейде спектакльдерден суреттер саламын. Бірақ бұл үнемі сахнада жүреді деген сөз емес. Әлеуметтік желі шынайы өмірді көрсетпейді. Менің қызым да бала, оның өз балалық өмірі бар.

Офлайннан онлайнға көшіп жатқан қазіргі уақытта ғаламтордың қаржы табу мүмкіндігін пайдаланбау ақылға симайды. Алайда 10 блогердің үшеуі ғана коммерциялық интеграцияға қол жеткізеді, дейді мамандар. Себебі көпшілігінің танымал брендтермен жұмыс жасауда сауаты төмен. Ал талантты балалардың қатысуымен түсірілген өнімдерге қаражат құйған компания жауапты, дейді әлеуметтік желіні зерттеушілер.

Айдос Маруан, медиа компанияның жоба менеджері:

– Екі сағат, одан әрі баланы қинамау қажет. Көп жағдайда баланы үлкен фильмдерге түсіреді. Ол жерде олар ұйықтамай, күні-түні жұмыс жасауы мүмкін. Ол заңды тұрғыдан дұрыс емес. Бізде жергілікті компаниялар сәл сауатсыз, яғни бас салып, олар қаражат құюы мүмкін. Жауапкершілік солардың мойнына артылады. Неге? Өйткені қаражат құйған солар.

Жүрек қылын шертетін осы әні арқылы көпшіліктің көңілінен шығып, аз уақытта танымал болып үлгерген Нұрмұхамед қазір 12 жаста. Әлеуметтік желіде 340 мыңнан астам оқырманы бар жұлдызды баланың продюсері Абай Бегей Нұрмұхамедтің танымалдығынан табыс тауып көрмедік дейді. Ал табыс тауып жатса, қаржы баланың шығармашылығын шыңдауға жұмсалмақ.

Абай Бегей, әнші, продюсер:

– Сондай өнерлі бала. Вокалға қатыспаған. Ешқандай музыкалық сауаты жоқ. Әзірге. Енді бұйырса алдағы уақытта қолға алып, музыкалық сауатын ашып, вокалмен тәрбиелеп, үйреткелі жатырмыз. Бірақ біз енді «ақша табайын, осы балаға жарнама жасайын» деп тойларға ертіп жүрген жоқпыз. Бұйырса алдағы күзге дейін облыстарға концертпен барамыз. Сол концерттен тапқан ақшамызға киім тіктіртеміз, әндерге өндеу жасаймыз.

Жангелді Сүлейманов, заңгер:

– Шығармашылықпен айналысып жүрген талантты жасөспірімдерге қарап, мұны бала еңбегін пайдалану деп айтудың өзі артық. Әлемде бала еңбегін пайдалану деген нақты түсінік бар. Егер бала мақта теріп жүрсе, қоқыс жинап жүрсе, бұл бала құқына қайшы келеді.

Дегенмен заңгерлер, өнер де, спорт та баланың денсаулығына зиянын тигізбей, сабағы мен бос уақытына кедергі жасамауы керек дейді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы