389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Іле өзені мен Балқаш көлінің жағалауында тынығатындар қатары артуда

  • 652
  • UPD: 15:00, 05.06.2019

Кейінгі жылдары Алматы облысының Балқаш ауданында туризм саласы қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, Іле өзені мен Балқаш көлінің жағалауында тынығатындар қатары артқан. Туристердің көбеюімен оларға қызмет көрсететін демалыс орындары ашыла бастады. Мәселен, өткен жылы «Іле-Балқаш» резерватының негізі қаланды. Осындай ауқымды жоспары бар мекемелермен қатар шағын орталықтар да туризмді дамытуға өз үлесін қосып жатыр.

Үйрек, қазы шулаған шалғайдағы бұл шаруашылық туристерге қызмет көрсетеді. Іле өзенінің бойындағы қожалықта үй құстарымен қатар қырғауыл өсіріледі. Яғни тынығушылардың аңға шығуына жағдай жасалып отыр. Демалыс орнында балық өсіру ісі де қолға алынған.

Шәріп Ирсаев, демалыс орнының атқарушы директоры:

– Біздің шаруашылық өзеннің бойында тұр. Сол өзеннен арық қазып, тоспа жасағанбыз. Жиналған суға балық жібердік. Қазір туристер осында келіп, бала-шағасымен демалады. Суға шомылып, балық аулайды. Қаз, үйрегімізді де сатып алады.

Тұмса табиғат аясында тынығушылар көбіне Алматы қаласынан келеді. Сонымен қатар Ресей және Сауд Арабиясынан да арнайы ат басын бұратындар бар. Аңшылық жасап, балық аулайтындарға демалыс орындары қызмет көрсетеді.

Бауыржан Дәрібаев, аудан әкімінің орынбасары:

– Қазіргі күнде аудан көлемінде 15 шақты демалыс орны бар. Олар негізінен аудан орталығының маңайында, Іле өзені, Балқаш көлінің жағасында орналасқан. Қазіргі күнде жұмыс атқарып жатыр. Бұл жерге Алматы қаласынан және шетелден демалушылар келіп демалып жатыр.

Саланы ілгерілетудің тағы бір тетігі ретінде «Іле-Балқаш» табиғи резерваты құрылды. Өткен жылы мекеме қызметкерлері тоғай бұғыларын әкелген болатын. Ендігі бес жылда жолбарысты алдырып, жерсіндіру көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде аймақтағы эко-туризмнің дамуына тың серпін бермек.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы