389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Министрліктер жыл соңында бюджет жоспарына өзгеріс енгізуге құмар – Н.Годунова

  • 287
  • UPD: 19:36, 05.06.2019

Қазынадан бөлінген әрбір теңге тиімді жұмсалуы керек. Бірақ іс жүзінде мүлде басқа көрініс.

Мысалы, өткен жылы республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша 1,5 млрд теңге игерілмеген. Мұндай жағдайлар неге жыл сайын қайталана береді? Қаржыны игере алмаған басшыларға қандай шара қолданылмақ?

Бюджетті негізсіз жұмсау. Бұл үрдістің жылда қайталана беретіні соншалық, қалыпты жағдайға айналып кеткендей. Мәселені реттеуге қатысты қанша пәрмен берілсе де оны орындайтын дәрмен шамалы болып тұр. Бүгін мәжілісмендер осы мәселені көтерді. Жалпы өткен жылы қазынаға 5,8 трлн теңге түскен. Салық мөлшері 17% артты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, қаржы министрі:

- Салық органдары кәсіпкерлерден аванстық төлем талап еткені белгілі болды. Біз бұған жол бермеуге мүдделіміз. Сол үшін арнайы бұйрық шығардық. Мұндай төлемдер 80 процентке құн салығымен байланысты. Тауар нарыққа шығарылмай тұрып, кәсіпорындар қаржысын салыққа шығындамауы керек.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунованың айтуынша, қаражатты игеру белсенділігі жылдың соңғы тоқсанында ғана еселене түседі. Әрі бюджеттік жоспарға сан мәрте түзету енгізуге құмар министрліктер аз емес.

Наталья Годунова, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы:

-  Қуаттылығы бірдей екі әлеуметтік нысанның құны әртүрлі болып жатады. Тіпті шектен шығатындары бар. Бірақ олардың барлығы жоғары деңгейде жұмыс істейді деуге келмес. Мысалы, елордадағы бірінші желілік парктың құрылысына құжат бойынша 413 млн теңге қажет. Ал Қостанайдағы тұрғын үй құрылысына 150 млн теңге сұралды. Елде 144 жеке сарапшы ұйымдар тіркелген. Оларға қатаң талап қою керек сияқты. Арнайы құрылыс нормаларын қарастыру маңызды.

Есеп бергенде есі кететін жауапты органдарға Гүлжан Қарақұсованың да айтары бар. Оның ойынша, орталық деңгейде 500, өңірлерде 1500-ға жуық индикатор қаралған. Бірақ оның тиімділігін екшеу оңай емес. Сондықтан болар жаңадан ашылған кәсіпорындар жобалық қуатына жетпей жатып, шығынға батады, кеше салынған жол біраз уақытта тесік-шұрыққа айналады.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Былтыр жоспардағы шығындар 18,8 млрд теңгеге орындалмады. Бірақ Үкімет резервінен 17 млрд теңгенің бөлінбеуі, сонымен қатар 334 млн теңге қазына қаржысының үнемделуі нәтижесінде игерілмеген сома 1,5 млрд теңгені құрады. Ендігі меже тиімсіз шығынды болдырмау қажет. 

Ал алдағы үш жылдық бюджетті жоспарлауда мұндай олқылықтарға жол берілмеу керек. Мәжілістің жалпы отырысында көтерілген бұл мәселе Жоғары палата қарауына жолданды.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы