388,62 430,50 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордалық экоклуб мүшелері қоқысты сұрыптап лақтыруды үйретіп жүр

  • 321
  • UPD: 21:25, 05.06.2019

Елімізде қанша жұмыс атқарылса да қоқыс мәселесі әлі өзекті. Жыл басында кей қатты тұрмыстық қалдықтарды лақтыруға тыйым салынды.

Ол үшін арнайы жәшіктер қойылды. Мақсат қоқысты жинап, қайта өңдеу.

Қоқыс өңдейтін зауыт. Елордада орналасқан. Бұл жерге күніне ондаған тонна қалдық жеткізіледі. Жалпы елдегі бір тұрғын жыл сайын орташа есеппен 300 келі тұрмыстық қоқыс лақтырады екен. Соның тек 10 проценті қайта өңделеді. Өзгесі топырақта қалады.

Қаламқас Күлімбаева, инженер-эколог:

- Біз тұрғындарға қатты қалдықтарды жеке жәшікке салу керектігін айтып жатырмыз. Себебі түрлі заттармен араласқанда қатты қалдықтар құнын жояды. Бүлінеді. Өңдеуге де келмейді.

Елорда маңындағы полигонға осы кезге дейін 100 миллион тонна қоқыс тасталған. Жыл басынан бері шыны, қағаз, полиэтиленді лақтыруға тыйым салынды. Ал 2021 жылдан бастап құрылыс және барлық тұрмыстық қатты заттарды төгуге шектеу қойылады. Тек іріктеп, әр қоқысты өзінің тиісті жәшігіне салу қажет болады.

Гүлзара Есмағамбетова, компанияның PR менеджері:

- Қаладағы барлық тұрғын үй кешендерінде, ұлттық компанияларда, кәсіпорын, мекемелер маңында сары түсті контейнерлер тұр. Ол жерде қоқыстардың әрбірін қандай жәшікке салу керектігі көрсетілген. Мәселен жасылына тек тамақ қалдықтарын лақтыруға болады.

Әсел Құспанова. Қоқысты мұқият іріктеп, лақтырады. Арнайы экоклуб та құрып алған. Қарамағында мыңға тарта адам бар. Бәрі жиылып, өзгелерді де қоқысты іріктеп лақтыруға үйретеді.

Әсел Құспанова, экоклубтың негізін қалаушы:

- Менде тамақ қалдықтарына арналған арнайы шелек бар. Тіпті лақтыратын пакеттің өзі полиэтилен емес. Ал екінші шелекке өңдеуге келетін қалдықтар салынады. Бірақ менде қоқыстар тек екі-үш айда ғана жиналады. Себебі қалдық қалдырмауға тырысамын.

Осындай қарапайым қағиданы ұстанған әр тұрғын табиғатты сақтап ғана қоймай, пайда да таба алады. Мәселен, қоқыс қабылдайтын орындарға бір келі пластик құты өткізсеңіз 40 теңге аласыз. Бір шыны құтыға 3 теңге беріледі. Алюминий ыдыстардың бір келісіне 100 теңге төленеді. Ал макулатураның келісі 5 тен 20 теңгеге дейін бағаланады.

Нұрлан Нұржанов, шикізат қабылдайтын компанияның өкілі:

- Қала бойынша қоқыс қабылдайтын 35 бөлімшеміз бар. Өткізілетін қатты қалдықтар мүмкіндігінше таза, тамақпен араласпаған болу керек. Үйден іріктеп алып келу қажет. Сосын бағаланып, ақшасы беріледі.

Шетелде қалдықтарды компания өкілдері бір жерге жинап жағады. Содан энергия өндіреді. Аталған тәжірибе АҚШ, Еуропаның кей мемлекеттерінде және Жапония мен Қытайда бар. Ал бізде мұндай кәсіпорындар салына қойған жоқ. Әзірге іріктеу мәдениетін дамыту өзекті болып тұр. Бұған енді әрбіріміз жауаптымыз.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Даная Исатай, Марат Диқанбаев

Хабар 24 телеарнасы