383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Бәйтерек» холдингі Қостанай облысында кәсіпкерлік бағдарламаны таңдауды үйретті

  • 123
  • UPD: 22:41, 05.06.2019

Былтыр «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорымен құны 450 миллиард теңгеден асатын 20 мыңдай жоба қаржыландырылды.

Қаражат кәсіпорындарды жаңадан ашуға және істеп тұрған кәсіпорынды кеңейтуге бағытталды. Қажетті бағдарламаны қалай дұрыс таңдап, оны жүзеге асыруға болады? Бұл туралы «Бәйтерек» холдингінің өкілдері Қостанай облысының кәсіпкерлеріне жан-жақты түсіндірді. Мамандардың пікірінше, өңірлер ивестициялық бастамалардың игілігін көруге дайын.

Облыс орталығындағы құрылыс компаниялардың бірі 9 жыл бойы «Бәйтерек» холдингі арқылы мемлекеттік қолдауға ие. «Бизнестің жол картасымен» кірпіш, қиыршық тас және темір бетон бұйымдары зауытын салды. Енді құрылыс материалдарының денін өздері шығарып, жаңа мөлтек аудандарда баспаналар тұрғызып жатыр. Тұрғын үйлердің 35 мың шаршы метрі «Нұрлы жер» бағдарламасымен қолданысқа берілген. 

Айбек Крекесов, құрылыс компаниясының бас маманы:

- 6 үйді салу үшін 2 млрд ақша кетті. Оның 203 млн-ы пайыздық көрсеткіш болса, сол 203 миллионның 110 млн-ы мемлекет тарапынан субсидияға берілді. Пайызбен алатын болсақ, 7 пайыз субсидия, ал несиенікі 12 пайыз. Сонда жартысынан көп боп тұр.

«Бәйтерек» холдингі құрылымында 11 еншілес ұйым бар. Алтауы кәсіпкерлікке кешенді қолдау шараларын жасайды. Аймақтардағы қызықты, әрі өміршең жобалар саны жылма жыл артып келеді дейді компания өкілдері. Сол себепті іскер жандар үшін арнайы ақпараттық кездесулер ұйымдастырады.

Рүстем Қасенов, «Бәйтерек» холдингінің өкілі:

- Бұрын инвестициялық жобалар қағаз жүзінде болса, қазір олар жан-жақты пысықталған. Облыстар ұтымды және сапалы бастамаларды жүзеге асыруға дайын. Ең бастысы кәсіпкерлерге холдингтің, мемлекеттің қолдау көрсетуге ынталы екендігін жеткізе білу.

Кәсіпкерлермен кездесу цифрлық баяндамалар және мысалдармен шектелген жоқ. Іскер азаматтарға қолдаудың нақты нұсқамалары көрсетілген кітапшалар үлестірілді. Ал дайын жоба немесе идеямен келгендер холдинг өкілдері тарапынан жекелей кеңес алды.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы