386,44 428,48 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысындағы шипажайларда демалатын шетелдіктер саны артқан

  • 386
  • UPD: 15:33, 06.06.2019

Түркістан облысы минералды суларымен Орталық Азияға танымал шипажайларымен ерекшеленеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Өңірдегі бір ғана Сарыағаш ауданы Көктерек кентінің өзінде 40-қа жуық шипажай бар. Бүгінгі таңда осы курортты аймаққа жылына 90 мың демалушы келетін көрінеді. Ал Сайрам ауданында орналасқан бір ғана шипажайдың өзі адам бойындағы 10-нан астам ауруды минералды сумен емдеуге қауқарлы. Тіпті соңғы кезде шетелдіктер де біздің отандық шипажайларда демалуды қалайды.

Германия азаматы Ханс Йохим Шмидт Қазақстанға соның ішінде Түркістан облысы мен Шымкентке бірнеше жылдан бері ат басын бұрып жүр. «Маған бұл өңірдің табиғаты ерекше ұнайды. Суы бал, ал ауасы шаршағаныңды басады. Емдеу-сауықтыру орындары да жайлы қызмет көрсетеді», – дейді ол. Биылда демалысын алған бойда зайыбы Хелен Кнор екеуі  осында тұрақтапты.

Ханс Йохим Шмидт, ем алушы /Германия/:

- Қазақстанға мен отбасыммен тоғыншы рет келіп отырмын. Мұндағы климат, қазақ елінің салт-дәстүрі, тіпті ем алу орындарының жұмысын жоғары бағалар едім. Мен Қазақстан туралы достарыма жиі айтамын. Бәрі таңқалады. Ең бастысы,  адамдары мейірбан. Болашақта осында біржолата көшіп келу ойда бар. 

Бүгінде облыс аумағында 40-тан астам шипажай бар. Көбі еліміз тәуелсіздік алғаннан соң ашылған. «Ал Сайрам өңіріндегі бұл шипажайдың тарихы тереңде», – дейді Қадыр Жұмабаев. Қадыр Жұмабайұлынан бір білгеніміз 1210 метр тереңдіктен шығатын минералды су дерт дендегендерге емі орасан зор. Ал судың құрамы темір, натрий, хлор, йод, бром, магний, кремний, сульфат карбонаттары сынды минералдарға өте бай. «Сондай-ақ бұл емдеу-сауықтыру орны кеңестік кезеңнен бері келе жатса да, емдеу тәсілдері еуропалық үлгіден кем емес», – дейді тәжірибелі маман.

Қадыр Жұмабаев, шипажай маманы:

- Біздің негізгі саламыз ас қорыту органдары. Сосын жүйке жүйелерінің бұылуы,  гинекология, урология. Емдеу үшін керек кабинеттердің барлығы да ашылды.

Мұнда бұрыннан келетін ем алушылар бар. Оларға ұнайтын басты нәрсе – демалушыға деген ыстық ықылас. Сондай-ақ озық үлгідегі ем шаралары.

Сағи Тәйтәлиева, ем алушы:

- Мен бұл шипажайға он жыл болды келіп жүргеніме. Жыл сайын келемін. Маған қатты ұнайды. Емі де, тамақтары да, бізге қызмет көрсететін адамдары да. Барлығы да өте жақсы. 

Мұнда ем алушылар созылмалы гастрит, он екі елі ішектің қабынуы, созылмалы холецестит, өт жолдарының бұзылуы, тіпті түрлі буын ауруларынан айығуға болады. Бұл бағытта қажетті аппараттар мен кабинеттер жарақтандырылған.

Эльмира Көпен, шипажайдың бас дәрігері:

- Басқа шипажайлардан ерекшелегіміз, ол біздің арасан суымыз. Жаңа қондырғылар алынып жатыр. Оларды атап өтсем, су асты омыртқаны созу қондырғысы. Ол грыжа, протрузия ауруларына өте жақсы көмектеседі. Одан бөлек андраген аппараты. Жаңа мен айттым кеткендей ер азаматтардың белсіздікке, әйел адамдардың түрлі ауруларына орасан зор жақсы көрсеткіштер көрсетіп жатыр.

Бұл шипажайда жаз мезгілінде демалушылар саны 600-ден асып кетеді. Әсіресе Атырау мен Нұр-Сұлтан қалаларынан келетіндердің қатары қалың. Содаң соң Шымкент, Ақтөбеден ағылатындар көп. Соңғы жылдары Алматы қаласынан келушілердің саны артуда. Шипажайда ем алатындардың 80 пайызы келер жылы құтты мекенге қайта оралады. «Ендігі мақсат – тұнған табиғи байлығымыздың әлеуетін пайдаланып, ішкі туризмді дамыту», – дейді шипажай басшылығы.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы