378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2018 жылы 300 мың азамат операциядан кейінгі ем курсынан өтті

  • 103
  • UPD: 15:32, 06.06.2019

Бүгінде елімізде операциядан кейін қалыпқа келуге арналған 145 орталық қызмет етеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Алайда оны кез келген емделушінің қалтасы көтере бермейді.

Қазіргі уақытта ел бойынша шамамен 400 мың азамат сауықтыру мен оңалту емін қабылдауға мұқтаж. Президент істері басқармасы медициналық орталығының басшысы Алексей Цойдың айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік жылдары медицина саласында ілгері қадам жасады. Мәселен, адам ағзасын ауыстыру бойынша күрделі операциялар жасалды. Бірақ бір ғана хирургиялық операция жеткіліксіз болғандықтан, науқастар операциядан кейін денсаулықтарын жайлы әрі қауіпсіз ортада қалыпқа келтіруі қажет.

Алексей Цой, Президент істері басқармасы медициналық орталығының басшысы:

- Статистика комитетінің деректері бойынша, бүгінде елімізде операциядан кейін оңалту қызметін ұсынатын 145 ұйым бар. Олардың ішінде 73-і – шипажайлар. Бір қарағанда, бұл көрсеткіш жаман емес, бірақ әлде де жеткіліксіз. Өйткені операциядан кейін науқастар емді ақылы түрде қабылдауға мәжбүр.

Қазіргі уақытта медициналық тілмен айтқанда, реабилитация науқастардың міндетті ем түріне жатқызылмаған. Бірақ міндетті медициналық сақтандыру жүйесі толық енгізілген соң, ем қабылдаушылар операциядан кейінгі терапияны қабылдай алады.

Алексей Цой, Президент істері басқармасы медициналық орталығының басшысы:

- Бұл отандық кәсіпкерлер үшін қосымша мүмкіндік. Бірақ мұның барлығы кешенді түрде мемлекет тарапынан қолдауды талап етеді. Мемлекеттік тапсырыстар орындалдып, халыққа сапалы қызмет ұсынылуы қажет. Халықаралық тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізіп, реабилитациялық бағдарламалар енгізілуі шарт. Алдағы уақытта осы бағытта нақты шаралар қолға алынады деп ойлаймын.

Соңғы 3 жыл ішінде Президент істері басқармасы медициналық орталығының мамандары операциядан кейін денсаулығын қалпына келтірген емделушілердің жағдайын бақылап келді. Оның қорытындысы бойынша реабилитациядан кейін азаматтардың денсаулығына қатысты шағымдар саны 20 процентке азайғаны анықталды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Сабина Балашкина, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы