389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ертіс өңіріне 200 мыңнан астам тынығушы келеді деп күтілуде

  • 385
  • UPD: 15:30, 06.06.2019

Ертіс өңірінің киелі өлкесі Баянауыл ауданы еліміздегі туристік жерлердің ондығына енгені белгілі, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Әлемді əсем табиғатымен тамсандырған курорттық аймақта кезекті маусым ресми түрде ашыла қойған жоқ. Қазіргі уақытта демалыс ошақтары соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Сонымен қатар демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шаралар қолға алынды.

Жаңа туристік науқанды асыға күткендердің қатарында құтқарушы Василий Распушинец бар. Тәжірибелі маман өмірінің 30 жылын осы жауапты қызметке арнаған.

Василий Распушинец, құтқарушы:

- Жасыбай – терең көл. Сондықтан демалушылардың қауіпсіздігі басты назарда. Соңғы жылдары туристердің мәдениеті өзгеріп келеді. Жауапкершілігі артып келеді. Дегенмен қазірдің өзінде кезекшілігімізді бастап кеттік.

Қазіргі уақытта Жасыбай курорттық аймағында тынығушылар көп емес. Дегенмен тылсым табиғатты тамашалауға келгендер баршылық.

Айнұр Жолдықара, демалушы:

- Табиғаты ерекше. Біз тауға шықтық, Жасыбайымыз өте әдемі көл. Көп оқыдық географиядан, осы көлді көру бізге арман болатын.

Жадыра Рыскелдиева, демалушы:

- Шетелге бару жақсы. Бірақ өзіміздің де, Қазақстанның жерлерін көріп, біліп, өзіміздің туризмімізді дамытуға болады. Бізде де әдемі, көрікті жерлер. Өзім географ ретінде айта аламын, көрікті, әдемі жерлер өте көп.

Туристік науқан маусым айының ортасында ресми түрде ашылмақ. Сол сәтте қонақүйлер де демалушыларды қабылдай бастамақ.

Баянауыл өңірінің таулы көлдерінің суы әзірге жылына қойған жоқ. Сондықтан жергілікті жағажайлардың барлығы бос тұр. Мамандардың айтуынша, биылғы жылы демалыс орындары 150 мыңнан астам туристі күтіп алмақ. Әзірге толыққанды демалыс ұйымдастыруға арналған инфрақұрылымның барлығы сақадай сай.

Бүгінде курортта бір мезетте 3700 адамды қабылдай алатын 54 қонақ үй бар. Болашақта олардың қатары тағы ұлғаймақ.

Нұржан Белібай, кәсіпкер:

- Дайындық қызу. Екіқабатты мейрамхана, қонақүй салдық. Енді аумағын абаттандырып жатырмыз. Сапалы қызмет көрсетуге әзірміз. Биыл шетелден көп қонақ күтеміз. Баянауыл сияқты әсем жерді әлем тануы керек.

Қазіргі уақытта тағы сегіз қонақүйдің құрылысы жүріп жатыр. Тағы 500 орын пайда болады деген сөз. Ішкі туризмді дамытуға жергілікті инвесторлар құлшыныс танытуда.  Басты мақсат – туристердің сұранысын өтеу.

Нұрқанат Дәрім, Баянауыл аудандық туризм және спорт бөлімінің маманы:

- Жасыбай курорттық аумағында 8 демалыс үйінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл – өте жақсы нәтиже. Туристердің сұранысы бойынша экстремалды спорт түрлерін дамытып жатырмыз. Олар: арқанды парк, балаларға арналған ойын батуттары, атпен серуендеу, велосипедпен серуендеу.

Демалушыларды Баянауыл жерінің ғажайыпқа толы тау-тастары мен әсем су-көлдері тартады. Киелі жерде экологиялық, танымдық және спорттық туризм қарыштап дамуда. Ұлттық парк аумағындағы табиғи ескерткіштерді таныстыратын 20-ға жуық маршрут бар.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы