389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында 11 жағажайда ғана суға шомылуға рұқсат етілген

  • 431
  • UPD: 23:40, 06.06.2019

Суға шомылу маусымы басталғалы Алматы облыстық ТЖД қызметкерлері күшейтілген жұмыс кестесіне көшті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тынығушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша 5 жылжымалы құтқару бекеті жұмыс істей бастады. Сонымен қатар мамандар 50 шақты қоғамдық құтқарушыны арнайы дайындықтан өткізді. Қазір олар демалыс орындарында кезекшілік атқарып жатыр. 

Талдықорғандағы жағажайда былтыр жиырмадан аса адам суға батқан. Олардың барлығын қоғамдық құтқарушылар дер кезінде байқап, көмек көрсетіпті. Тұншыға бастаған тұрғындарды жағаға шығарғандардың қатарында Шыңғыс Ахашев та болған.  

Шыңғыс Ахашев, қоғамдық құтқарушы:

– Өткен жылы 11 бала, 12 мас кісіні құтқардық. Үлкендер көбінесе суға мас күйінде түседі. Ал балалар ата-анасының қарауынсыз жүреді.

Жаз мезгілінде қалалық жағажаймен қатар «Өркен» спорт кешенінде суға жүзетіндердің саны артады. Қазір бұл мекемеге демалыс лагеріндегі балалар келіп жатыр. Жеткіншектерге шағын бассейінге ғана түсуге рұқсат етілген. Оларды нұсқаушылар, топ жетекшілері және ата-аналары қадағалап отырады. Ал үлкендер шомылатын жерге арнайы бейнекамера орнатылған. Жаттықтырушылар да бақылап жүреді.

Темірлан Жантілеуов, спорт кешенінің жаттықтырушысы:

– Міндетті түрде қауіпсіздік шаралары туралы айтып өтеміз. Не жасауға болатынын, болмайтынын. Сосын өзіміз бақылап жүреміз.

Алматы облысында суға шомылуға рұқсат етілген 11 қоғамдық жағажай бар. Солардың барлығында құтқарушылар кезекшілік атқарады. Ал жекеменшік демалыс орындарындағы жағдай алаңдатады, дейді сала мамандары.

Рауан Әміржан, облыстық ТЖД жедел құтқару жасағының бөлімше бастығы:

– Жеке демалыс аймағында бірқатар мәселе болды. Шомылу маусымына дайындық бойынша. Соның ішінде айта кететін жайт – құтқарушылардың жетіспеуі.

Өткен жылы өңірдегі өзен-көлдерде 50 адам қайтыс болса, 179-ын құтқарушылар шығарып алған. Қайғылы жағдайды болдырмау үшін сала мамандары биыл да күшейтілген еңбек кестесіне сай жұмыс істемек.

Шыңғыс Қалиден, тілші;

– Алматы облысындағы Балқаш, Алакөл және Қапшағай су қоймасында 4 суда құтқару бекеті жұмыс істейді. Жаз мезгілінде олардың қатары тағы 5 жылжымалы станциямен толықпақ. Яғни суға шомылу маусымы кезінде 100-ге жуық маман тынығушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы