389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында суға кету оқиғалары азаймай тұр

  • 361
  • UPD: 20:53, 06.06.2019

Елімізде судағы қауіпсіздік шараларын күшейту керек.

Өйткені шомылу маусымы басталысымен мұқым ел бойынша суға кету оқиғалары жиілейді. Мәселен, бір ғана Жамбыл облысында соңғы 4 жылда 90 адам суға кеткен. Оның 53-і – қабырғасы қатаймаған бала. Өкінішке қарай арнайы жабдықталған бассейндердің өзінде қайғылы деректер азаймай тұр.

Мақсат Әкімбаев, облыстық ТЖД басқарма басшысы:

– Өткен жылы суға батып қаза болғандардың 13-і – балалар. Екі оқиға бассейндерде орын алған. Біреуі – Күншуақ және отыз жыл бассейнінде ата-ананың қарауынсыз қалдыру салдарынан бату оқиғасы.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті берген статистика жан түршіктіреді.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

– Осы айдың бірінен бастап шомылу маусымы басталды. Қаладағы бассейндер, жағажайлар, демалыс орындарының барлығы жұмыс істеп тұр. Статистика көрсетіп отырғандай, дәл осы мезгілде суға кету оқиғасы жиілейді. Әсіресе балалар суға көп тұншығады. Қазір біз шомылу маусымындағы бассейндердің, демалыс орындарының жұмысы талапқа сай ма, ережеге сәйкес жұмыс істеп жатыр ма, соны және құтқарушылардың жұмысын көзбен көру үшін шықтық. Ол үшін қаладағы ең ірі спорт кешені Тараз-Арена кешенінен бастауды жөн көріп отырмыз.

Бассейндердегі қауіпсіздік шаралары мен ережелердің орындалуын байқау үшін шағын тәжірибе жасап көрдік. Келуші ретінде билет алып, кешенге кіріп суға түстік. Адам өміріне қауіп төндіретін ереже бұзушылық байқалмады. Тек суға түспес бұрын арнайы киімнің болуы, келушінің денесінде ашық жара немесе тері аурулары белгілерінің бар-жоғын тексеріп бірде-бір маман алдымыздан шықпады. Ал мұнда бір күнде кемінде 300-ге тарта адам шомылады.

Оразхан Әшірбеков, Тараз-Арена спорт кешенінің бөлім басшысы:

– Міндетті түрде шомылуға арналған киім болу керек. Жалаң баспен суға шомылуға болмайды.

Бір ауысымда 200 адамға дейін қабылдау мүмкіндігі бар. 7 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін. Тек олардың қауіпсіздігін бір құтқарушы ғана қадағалайды. Мамандар бұл аздық етеді деп отыр. 

Оразхан Әшірбеков, Тараз-Арена спорт кешенінің бөлім басшысы:

– Бұл әрине аздық етеді. Әсіресе маусым кезінде. Бату оқиғалары болды. Оларды біздің нұсқаушылар құтқарып қалды.

Ал Петропавлдағы аквапаркке оқушылар көп жиналады. Күніне мұнда жоқ дегенде 100-150 адам суға шомылады. Басым бөлігі – кәмелет жасына толмағандар. «Сондықтан қауіпсіздік ережелері басты назарда», – дейді орталықтың әкімгері. Қазір мұнда бір ауысымда 12 құтқарушы кезекшілікке шығады. Олардың барлығы арнайы белгіленген спорттық сынақты тапсырғаннан кейін ғана барып жұмысқа қабылданады. Ал балалар болса, тек үлкендердің қарауымен ғана ішке кіреді. Ол үшін ата-аналары арнайы қолхат жазады. 

Анна Бойцова, аквапарктің аға әкімгері:

– Құтқарушылардың әрқайсысы жұмысқа қабылданар алдында тест тапсырады. Суда жүзуден, адам құтқарудан. Осылайша олардың жылдамдықтарын, келеңсіз жайт туа қалғанда жедел әрекет етуін тексереміз. Кейін ай сайын осы сынды алдын алу шараларын ұйымдастырып отырамыз. Қазір біздің мамандардың басым бөлігінің медициналық білімдері бар.

Тараз қаласында 20-дан астам бассейн бар. Мамандар санаулы күндерден кейін суға шомылушылар саны күрт өсетіндігін айтады. Сондықтан қазір алдын алу шаралары мен түсіндіру жұмыстарын күшейткен. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейлхан

Хабар 24 телеарнасы