378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Иегова куәгерлері» соттасып жатыр

  • 150
  • UPD: 22:13, 06.06.2019

«Иегова куәгерлері» бір-бірімен соттасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ағымның бұрынғы мүшелері халықаралық діни ұйым ар-намысымызды таптады деп Ақмола облысындағы Бурабай аудандық сотына жүгінді. Енді олар діни көсемдерден 250 млн теңге талап етіп отыр.

«Иегова куәгерлері» туралы сіз бен біз не білеміз? Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында бұл ілімнің өкілдері «Сіз Құдайға сенесіз бе» деп есігімізді қағып, табалдырығымызды талай тоздырды емес пе. Осылайша халықаралық діни ұйым еліміз бойынша 17 мыңнан астам ізбасар жинап алған екен. Қазір бұл таяқпен қуып шығаратын қу ілім емес. Олар өздерін әлемдегі ең бақытты жан санайды. Жер бетінде ұлы мұратты орындап жүрміз дейді. Бұл - мерекелерді тойламайтын, жоғары білім алуға қарсы, бірақ Қазақстанда ресми тіркелген діни ағым.

Ал бұл «Иегованың» бұрынғы куәгері. «Шындық іздеймін деп шырмалып, ақиқат табам деп аһ ұрып, 10 жыл адасып жүрдім», – дейді Дмитрий Еремин. Енді ар-намысымды таптады деп, діни ұйымды сотқа беріп отыр.

Сөйтсе, Дмитрийдің жеке басын қорлаған ешкім жоқ. Бұл діни ағымда «Күзет мұнарасы журналы» деген кітап бар. Онда былай делінген: «Иегова куәгерлері» жолымен жүрмегендердің бәрі – күнәһар әрі антихрист». Бұрынғы миссионер осы жазбаға қатты ренжіп қалса керек.

Владимир Воеводин, «Иегова куәгерлері» діни ұйымының заңгері:

– Дмитрий Еремин сілтеме жасаған цитаталар мен үзінділер Библияда да бар. Ал Библия – христиан дінінің қасиетті кітабы. Сондықтан мұндағы жазбалармен санасуға болмайды.

Дмитрийден бөлек, шырғалаңнан шығудың жолын іздеп, тағы 11 адам сотқа жүгінген. Олардың бәрі де - әртүрлі мемлекеттің азаматы. «Иегованың» бұрынғы куәгерлері діни ұйымнан 240 млн теңге талап етіп отыр. «Тұңғиыққа кеткен бізге қалыпты өмірге қайта бейімделу үшін осыншама ақша керек» дейді жәбірленушілер. Бірақ мұнымен батыстан бастау алған ағымның көсемдері келісер емес. Соттың келесі отырысы маусымның 18-іне белгіленді.

Авторлары: Ж.Біркенов және М.Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы