389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


1 шілдеден бастап батуттарға қатысты ұлттық стандарт күшіне енеді – В.Беккер

  • 318
  • UPD: 12:51, 07.06.2019
1 шілдеден бастап батуттарға қатысты ұлттық стандарт күшіне енеді – В.Беккер Центр информации

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер батуттардың қауіпсіздігін бақылау мәселесі қалай реттеліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Батуттарға қатысты бақылау басталады, бүгінде ұлттық стандарт әзірлену үстінде, ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бірақ қазірдің өзінде бақылау жоқ деуге келмес. Барлығы да нұсқауда жазылған. Мәселен, сіз дүкеннен кез келген тұрмыстық құрылғыны сатып алсаңыз, қорапшасының ішінде оны қалай пайдалану керектігі туралы нұсқаулығы жатады. Ол нұсқаулықтың алғашқы сөйлемінде «осыны оқымай құрылғыны пайдаланбаңыз» делінген. Батуттарда да сондай. Екінші мәселе, егер батут жұмыс істеп тұрса, ол сертификатталып, қауіпсіздік шарттарына сай келуі тиіс. Қарағандыдағы жағдайда сертификат болды ма? Мұны тергеу анықтайды. Бірақ, менің ойымша, адамдар бір-бірінен сатып ала беретіндіктен, аталмыш батуттың құжаты жоқ болуы мүмкін», - деді комитет төрағасы ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ В.Беккер батуттарды орнату талаптары мен оны пайдалану ережелеріне тоқталып өтті.

«Өндіруші баға, билет қанша болуы керектігі жайлы барлығын айтып береді. Бірақ, шындығында техникалық талаптардан бөлек, онда бекіту ережелері, пайдалану шарттары да болуы тиіс. Бір батутта 3 жастағы және 15 жастағы бала бір уақытта секіріп жүрмеуі керек. Яғни, жас бойынша, салмақ бойынша санаттар болуы тиіс. Ойлап қарасаңыз, 60 келілік бала батутқа секіріп қалса, 10 келілік бала сыртқа ұшып кетуі мүмкін», - деді ол.

Одан бөлек, комитет төрағасы ата-аналарға балаларды батутқа апаруына қатысты өз пікірін білдірді.

«Меніңше, апармай тоқтата тұру керек. Қарастырған абзал. Бұған дейін айтқанымдай, бізде сырттай қалыпты көрінетін жағдайлар баршылық. Барлық ата-аналарға жағдайға, қауіп деңгейіне, ауа райы мен батуттың жағдайына баға берген дұрыс дер едім. Әлде ақша үшін ғана қойылды ма, әлде техникалық персоналы толық па, бірдеңе болып қалса, көмек уақытында келе ме – бәріне баға берілуі тиіс. Құрылғы қалай орнатылғанын көру керек», - деді ол.

Хабар 24 телеарнасы