389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде бір топ ерікті бұлақтардың көзін ашып жүр

  • 269
  • UPD: 14:13, 07.06.2019

Осылайша жергілікті тұрғындар өңірдегі қуаңшылықпен күреске шыққан. Айта кету керек, биыл облыстағы су қоймалары тек үштен біріне ғана толған. Бұған жауған қардың аз түсуі мен көктемгі жауын-шашынның мардымсыздығы да себеп болды.

Өңірде өткен жылы басталған су қоймаларын тазалау жұмыстарына халық наразы. Еріктілер «жағалауда өскен тал-теректерді тамырымен жұлып қана қоймай, өзен арнасын шектен тыс кеңейтіп жіберген» - дейді. Нәтижесінде су деңгейі тобықтан аспай қалды. Ал, тазартуға салынған ауыр техника бұлақтың көзін бітеген.

Пётр Мурашкевич, қала тұрғыны:

- Тазалау жұмыстарына кіріскен мердігер компанияның ісі ешқандай ақылға сыймайды. Нәтижесінде облыс орталығындағы барлық өзендерден айырылып қалды. Ағаштар 40-50 жылдан кейін қайтадан өсіп шығатын болса, жедел қолға алып, шара қолданбаса судың арнасын жақын арада толтыру екіталай.

Еріктілердің өздері білекті сыбанып іске кірісуді жөн көрген. Бірінші кезекте Сазды өзенін толтыруды назарға алыпты.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Сазды өзенінің арнасын зерттеген еріктілер суқойма толығымен дәл осы сияқты шағын бұлақтармен қоректенетінін анықтаған. Сондықтан жағалауды жайлаған бұлақтардың көзін ашса судың деңгейі өсіп, айдынында балық та көбейетіндігіне сенімді.

Бұл маңайдағы 4 үлкен бұлақтың әрқайсысынан тәулігіне 400-500 тонна су ағады. Қолдарына күрек ұстаған еріктілер санаулы сағатта тағы 14 шағын бұлақтың көзін анықтады. Ауыр техниканың бұл жерге келуіне жол бермейміз дейді. Себебі жер асты сулары бір сәтте-ақ жоғалып кетуі мүмкін.

Әлібек Мағауин, қала тұрғыны:

- Қазір міне қараңыз суы тұп-тұнық. Тәтті-ақ суы. Кәдімгідей тап-таза бұлақтың суы нағыз. Мұп-мұздай кәдімгі.

Еріктілер бұл шараны көп болып қолға алу керектігін айтады. Қазір 20-ға жуық азамат қана демалыс күндерін бұл игі іске арнап жүр. Қосымша көмек артық етпейді. Сазды өзенінен соң Жіңішкені де қолға алу ойда бар. Ал, жергілікті биліктен тек су көздерін қоршап, мал-жанның таптамауын ұйымдастыруды өтініп отыр.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы