378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тобыл өңірінде «Кировец» тракторы шығарыла бастайды

  • 114
  • UPD: 23:24, 07.06.2019

Соңғы төрт айда Қостанай облысына 67 миллиард теңге инвестиция тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ішкі инвестицияның өзі екі есеге өскен. Бұған дейін Тобыл өңірінде комбайн, Беларусь тракторлары шығарылып келсе, биыл қатарға «Кировец» қосылады.

Қостанайда жеңіл автокөліктерден тыс ауыл шаруашылығы техникаларының өндірісі дамып келеді. Былтыр индустриалдық аймақта «Беларус» тракторларын шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Бұл жобаның құны – 15 млрд теңге. Төрт-бес айдың ішінде жаңа зауытта жүзден астам трактор құрастырылды. Мұнда жұмыс істейтіндердің дені жастар.   

Үсен Тұраров, слесарь:

- Дөңгелектерді саламыз, алдыңғы, артқы. Сосын күпшектерін саламыз, кронштейн саламыз, сосын эстакадаға жібереміз. Күнде үйренеміз, сұраймыз.

Зауытта әзірге ірі бөлшектері құрастырылады. Жақында ғана жұмысын бастаған кәсіпорынның әлі аяғынан тік тұрып кете қоймағаны түсінікті. Алайда алдағы мақсат – анық, міндет – айқын.

Виталий Хмелевской, трактор зауытының өндірістік директоры:

- Өзімізде капот, кабина, қанаттарын жасайтын қосымша цехтар ашу жоспарланып отыр. Сөйтіп өндірістің отандық үлесін 50 процентке жеткіземіз. Екі ауысымда жұмыс істеп, жылына 3 мың трактор шығаратын боламыз.

Таяуда Қазақстан мен Ресейдің үкімет басшыларының бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде бірқатар келісімге қол қойғаны мәлім. Соның ішінде Қостанайда «Кировец» тракторларын шығару бастамасы – іргелі жобалардың бірі. Алдағы қазан айында іске қосылуы тиіс жаңа желі бойында жылына 500-ден 700-ге дейін алып тракторлар құрастырылады.

Ерлан Қойшыбаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Екінші ірі жоба – КамАЗ көлігінің құрал-жабдықтарын шығару. Бұл үш кезеңнен тұрады. Алғашқыда жетекші белдемнің қозғалыс берілгіші, одан кейін тежегіш қалыбы, орындық, қажетті резеңке, пластик бұйымдары бізде өндірілетін болады.

Қазіргі кезде Қостанай облысында 40 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатыр. Олардың жалпы құны 2 триллион теңгеден астам. Және сол жобалардың жартысы шетелдік инвестиция еншісінде.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы