378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысының диқандары 500 тонна қауынды Ресейге жөнелтті

  • 216
  • UPD: 23:22, 07.06.2019
Түркістан облысының диқандары 500 тонна қауынды Ресейге жөнелтті

Ел іші егістікті енді аяқтап жатса, мақтааралдық диқандар қауынның алғашқы өнімін Ресейге аттандырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жер еміп, жеміс теріп өскен шаруалар бүгінге дейін дәмі тәл үйіретін 500 тонна сары қауынды тұтынушыларына жіберіп үлгерген. 10 жылдан бері қауын егіп, пайдасын көріп келе жатқан Нұржан Асауов биыл 40 гектарға тұқым сепкен. Оның 20 гектарына жергілікті сортты, ал қалған 20-сына алғаш рет голландиялық доккара тұқымын еккен. «Жергілікті қауындар гектарына 20 тоннадан өнім берсе, голландиялық сорт 50 тоннаға дейін өнім береді», – дейді. Бүгінге дейін диқан 100 тонна қауынды Ресейге жөнелткен.

Айта кетейік, бұл өңірде қауын-қарбызды қара күзге дейін жинайтын етіп кестемен егеді. Демек алда тағы да мыңдаған тонна өнім экспортқа шығарылады. Биыл аудан шаруалары 10 мың гектарға қауын, 1500 га-ға қарбыз еккен.

Нұржан Асауов, шаруашылық жетекшісі:

- Суды торпедо қауынына қарағанда көбірек қажет етеді. Тамшылатып суару арқылы өнімді көп береді. Басқа қауындар 70-80 күнде дайын болса, бұл 50-55 күнде дайын болады. Өте дәмді.

Өсер Мырзамданов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Әлемдегі ең тәтті қауын-қарбыздар Мақтаарал ауданында. Бұл – ресейлік және еуропалық кәсіпкерлердің пікірі. Бұған дәлел маусым кезінде күн сайын 200-300-ге тарта қауын-қарбыз тиеген жүк көліктері ТМД елдеріне, Туркия, Грекия елдеріне жол тартады. Қазірдің өзінде 500 тонна қауын Ресейге экспортталып үлгерді.

Хабар 24 телеарнасы