378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетісулық кәсіпкер ауылдастарына баспана салып берді

  • 182
  • UPD: 23:43, 07.06.2019

Атымтай жомарт атанған жетісулық кәсіпкер Темірлан Шәйнүсіпов ауыл тұрғындарына 5 баспана сыйға тартты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Алматы облысы Ақтерек ауылында тұрып жатқан кәсіпкер мұндай игі істі жыл сайын жасайды.

Жеті санын қазақ халқы кие тұтып, қасиетті санайды. Ақтерек ауылының тұрғындары үшін де жетімен байланысты күндер жетістік пен қуаныштың белгісіндей. Бұған дейін мамырдың жетісі күні 5 отбасы баспаналы болды. Бұл жолы да, яғни маусымның жетісінде және бес адамға сыры кеппеген жаңа баспана кілттері салтанатты жағдайда табысталды.  

Айдос Сайлыбаев, ауыл тұрғыны:

- Сол кісі үй салып беріп жатыр. Көп балалы отбасы деп. Темірлан ағамызға рақмет. Еңбегіміздің жемісі шығар. Көпшілікке рақмет.

Бұл үйлерді «Ақтерек» шаруа қожалығының басшысы Темірлан Шайнүсіпов салдырған. Әр үй бес бөлмелі. Ішінде ауыз су тартылып, жуынатын бөлме де жасалынған. Үйлер көп балалы отбасыларға, жас жанұя мен ауған соғысының ардагеріне берілді.

Ауғанбай Әбдіхалықов, ауған соғысының ардагері:

- Қалаға жұмыс іздеп ешкім сабылып кетпейді. Осы ауылда жұмыс бар. Бәріміз осы ауылда қызмет істейміз.

Жалпы, Темірлан Шайнүсіпов соңғы он жылда ауылда 100-ден артық үй салды. Олар қожалықта жұмыс істейтін үздік жұмысшыларға берілді. Әлі де берілмек. Алдағы уақытта және 40 баспана салу жоспары бар. Бұдан бөлек кәсіпкер 50 балаға арналған балабақша ашты. Балабақшадағы тәрбиелік-әдістеме, ішкі жабдықталуы қаладағыдан еш кем емес. 15 адам тұрақты жұмыс істейді. Сонымен бірге жастар демалыс орны мен стадион бар. Қазір «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында ауылда саябақ құрылысы жүргізіліп жатыр.

Темірлан Шайнүсіпов, Алматы облысының Құрметті азаматы:

- Жалпы, ауылдың өзінде қазір 22-дей үй салынып қалды. Ауылымыз көркейіп келе жатыр. Үкімет те көмектесіп жатыр. Көшелерге жарық түсірді. Үйге су жүргізіп берді. Мемлекеттік нысанның барлығы күрделі жөндеуден өтті. Енді ауыл ішінде жол ғана қалды. Жол жасалса, газ түссе, біздің ауыл қаладан кем болмайды.

Өткен жылы жергілікті бюджеттен 140 млн теңге бөлініп, Ақтерек ауылының 5 көшесіне күн сәулесінен қуат алатын шам бағаналары орнатылды. Енді 2020 жылға дейін ауылға газ құбырын тарту жоспарланып отыр.

Авторлары: Алмас Садуақас, Қанат Қаматаев

Хабар 24 телеарнасы