378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Лондонда қазақстандық дизайнердің сәнді киімдер жиынтығы көрсетілді

  • 124
Лондонда қазақстандық дизайнердің сәнді киімдер жиынтығы көрсетілді

Лондонда халықаралық Ромфорд кинофестивалі аясында қазақстандық дизайнердің сәнді киімдер жиынтығы көрсетілді.

Британиялықтар мен қала қонақтарының назарына киіз бен жібектен тігілген көйлектер мен орамалдар ұсынылды.

Бүгінде әлемдік дизайнерлердің назары этикалық сәнге ауған. Яғни қоршаған ортаның ластанбауына басы қатқан сәнгерлер табиғи таза материалдардан жасалған киімдерге басымдық береді. Қазақстандық Алма Фармер болса, бұл жайлы екі мыңыншы жылдардың басында-ақ ойланып қойған.

Алма Фармер, дизайнер:

– Бүкіләлемдік банкте жобалар бойынша кеңесші болып жұмыс істеген уақытымда шағын бір ауылда жылытылмайтын баракқа кіргенім бар. Салқын жерде әйелдер киізден киім тігіп отырды. Сол кезде оларға барынша жәрдем беруіміз қажет деп ойладым.

Алма қазір банк саласында қызмет етпейді. Шығармашылыққа ден қойған. Лондонда тұрақтағанына 20 жылдан асты. Британиялықпен шаңырақ құрса да, қазақстандық азаматтығын өзгертпеген Алма Ұлы дала елінің мәдениетін барынша паш етіп жүр.

Элвин Батлер, көрермен:

– Алманың дизайнерлік киімдерінің бірін жұбайыма алып бергім келеді. Өйткені сапасы өте жақсы, материалы әдемі, түстері тамаша. Бұл дүниелер менің әйелім сияқты сондай әдемі.

Сән көрсетілімі жыл сайын ұйымдастырылатын Ромфорд кинофестивалі аясында өтті. Қазақстаннан бөлек биыл Беларусь және Өзбекстанның дизайнерлері белсенділік танытты. Шарапаты мол шара биыл 45 мың адам келетін сауда орталығында өтеді деп бекітілген. Сәйкесінше келушілер фэшн-шоуды тамашалап, бірегей көңіл күйге бөленді.

Натали Бэйс, ұйымдастырушы:

– Біз шараларымыздың өзгелерден ерекшеленгенін қалаймыз. Сатып алушылар сауда жасап қана қоймай, бір сәт тоқтап, жаңа нәрселерге қызығушылықтары артса деген ниетіміз бар.

Фестиваль аясында сурет көрмесі де ұйымдастырылды. Өзгелермен иық тіресіп, қазақстандық суретшілер де өз еңбектерін көрермен назарына ұсынды. Британиялықтар мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер олардың өнеріне тәнті болды.

Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы