389,38 430,50 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды шахталарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

  • 356
  • UPD: 19:40, 08.06.2019

Жер астында оқыс оқиға бола қалған жағдайда кеншілерді іздеп табатын заманауи қондырғы іске қосылды.

Жаңа құрылғы сондай-ақ жер асты жұмыстарын он-лайн жүйесінде бақылап, апаттың алдын алуға мүмкіндік бермек. Қанатқақты жобаны іздестіру тобы Қазақстан шахтасында алғаш рет сынақтан өткізді.

Мамандар шахтада қалып қойған кеншіні іздеу үшін 500 метр тереңдікке түсті. Әуелі оның қай маңда жоғалғанын диспетчерден сұрап білді. 

- Виктор, прием, как слышно?

– Хорошо.

– Скажите пожалуйста лампа у Д где позиционируется? В каком ВРМ - е ?

– ВРМ 418.

Жаңа технологияның көмегімен хабарсыз кеткен жұмыскерді табу аса қиынға соққан жоқ. Кеншінің каскасындағы шамның ішіне орнатылған датчик бірнеше метр қашықтықтан белгі берді. Бұл іздестіру жұмыстарын анағұрлым жеңілдетеді, - дейді мамандар. 

Роман Жилкин, шахтаның автоматика және байланыс механигі:

- Бұл қондырғы апат кезінде адамдарды іздеуге арналған. Шахтер қимылдай ма, жоқ па, бәрін көрсетіп тұрады. Ал үйінді астында қалса, нақты орынын 40-50 метр қашықтықтан дәлме-дәл көрсетеді. Осы белгі арқылы қиын жағдайға ұшыраған жұмыскерді құтқару мүмкіндігі артады.

Жаңа қондырғының тағы бір жетістігі, диспетчер жер астындағы әр кеншінің не істеп жатқанын, қай учаскеде жүргенін мына монитордан бақылап отырады. Тіпті жұмыскердің аты-жөні де шығып тұрады. Егер төтенше жағдай бола қалса, жедел әрекет етуге мүмкіндік бар. 

Альберт Имаев, шахтаның ауысым басшысы:

- Қондырғыда апат кезінде қолданылатын арнайы шақыру басқышы бар. Оны қосса болды, дабыл қағылып, төтенше жағдайдан хабардар боламыз. Сөйтіп біз жер бетінде отырсақ та, дереу шахтадағығы жекеленген жұмысшыларға немесе жұмыс топтарына ескертеміз. Бұрын қанша адам түскенін білгеніміз болмаса, кеншілердің нақты қай жерді қазып жатқанын көре алмайтынбыз. Енді бәрі көз алдымызда.

Қанатқақты жобаны ең әуелі Қазақстан шахтасында жүзеге асыру кездейсоқ емес. Осыдан екі жыл бұрын дәл осы кеніште апат болып, 3 адам қаза тапса, 4 кенші жарақаттанған еді. Кейін белгілі болғандай, мұнда метан көлемі қалыпты мөлшерден 18 есеге көбейген. Іле-шала тексеріс жүргізген прокурорлар шахтадағы техниканың жартысынан көбі тозғанын мәлімдеген болатын. Енді жаңа технология қауіпсіздікті күшейтпек. 

Абай Кеңесов, шахта машинисі:

- Жаңа жүйенің көмегімен жер бетіндегі және жер астындағы диспетчерлермен тез арада хабарласа алатын болдық. Бұрын қандай бір жағдай туса, шахтаның әр жеріне қойылған стационарлық телефондарға жүгіріп барып,  қоңырау шалуға тура келетін. Бұл қаншама уақытты жоғалтады.

Ресми деректерге сүйенсек, соңғы 15 жылда Қарағанды шахталарында болған жарылыстан 100-ден астам кенші қаза болыпты. Қайғылы жағдайды азайту үшін шахта басшылары «өндірістік қауіпсіздік» бағдарламасын қабылдаған еді. Жаңа жоба сол құжаттың негізінде жүзеге асуда. Мамандар алдағы күндері тың технологияны өңірдің басқа да шахталарына енгізетінін мәлімдеп отыр.

Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы