389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Екібастұзда ерекше қамқорлықты қажет ететін балалар саны 1 мыңнан асады

  • 272
  • UPD: 20:21, 08.06.2019

Екібастұзда мүмкіндігі шектеулі және ой-өрісінің дамуында кемістігі бар балалар үшін жаңа орталық ашылды.

Онда кешенді психологиялық және педагогикалық көмектер көрсетіледі.

Қаладағы №2 мектептің ғимаратында орналасқан кабинетті күрделі жөндеуден өткізуге демеушілер көмектескен. Әріптесім Қарлығаш Қасиетова жалғастырады.

Әжесінің еркесі, алты жасар Мұхаммедтің тілі бір жарым жасында шыққан. Бірақ есейе келе тұтығып сөйлей алмай қалыпты. Мамандар мұны жүйке жүйесіндегі ауытқушылық десе жақындары қорыққаннан болды деп топшылайды. Қалай болғанда да коррекциялық емдеуді тоқтатпаған. Баламен ақылы түрде қызмет көрсететін талай маман айналысыпты. Нәтиже болмаған соң осы орталыққа әкелген.

Сауян Қожанова, логопед:

- Бұрын бірінші дыбысын айта алмай жылап қалатын. Айта алмай, жеткізе алмай немене керек екенін оған. Қазір балалармен де ойнайды, сөйлеседі, үлкендермен де. Жеткізеді не керек екенін. Қазір мектепке дайындалып жатыр.

Айман Алпысова, Мұхаммедтің әжесі: 

- Бала қатты сөйлей алмайтын тұтығып. Мама деген сөзі айта алмады. Сосын осы орталыққа келіп міне жақсы болдық. Ақырын-ақырын шұғылданып, баламен шұғылдану әдістері барлығы бізге жақсы ұнады. Үйде сол жаттығуларды қайталаймыз.

Білікті мамандар  көру, есту қабілеті нашар балалармен де жұмыс істейді. Сал ауруына шалдыққан және жүйке жүйесі сыр берген жеткіншектер де сауықтыру курстарынан өтеді. 

Шынар Байдәулетова, коррекциялық орталықтың жетекшісі:

- Логопедиялық кабинетте біз көптен күткен «Дельфа» жаттықтыру құралы бар.  «Монтессори» әдісі қолданылады. Сенсорлық және  дене шынықтыру бөлмелері бар. Біз  коррекциялық қызметтерден өткеннен кейін балаларды білім беру мекемелеріне жібереміз. 

Екібастұзда ерекше қамқорлықты қажет ететін балалар саны 1 мыңнан асады. Ал коррекциялық орталық  жылына 150 баланы қабылдай алады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы