384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Журналист Г.Полеваяға кезекті операцияны жасату үшін қаржылай көмек қажет

  • 145
  • UPD: 22:27, 08.06.2019

Танымал спорт журналисі Галина Полеваяның сырқаты қарапайым қазақстандықтардың да назарын аударды.

Әріптесімізге осыдан екі жыл бұрын омыртқа тұсында пайда болған ісікке операция жасалған болатын. Кейін дәрігерлер Галинаның миелома яғни, сүйекті зақымдайтын дертке шалдыққанын анықтады.

Өзі онкологиялық ауруға душар болғанын ұзақ уақыт жасырып келіпті. Алайда дерт күш алған кезде спорт комментаторының отбасы көпшіліктен көмек сұрауға мәжбүр болған. 

Отадан кейін Галина онкология және радиология жөніндегі Қазақ ғылыми-зерттеу институтына жатқызылған. Бірнеше миелома диагнозы да сонда қойылған. Операциядан кейін жүріс-тұрысы қиындаған әріптесіміз тек төрт айдан кейін ғана аяғына тұра бастады. Алматыда 17 рет химиотерапия курсы өткізілгенімен, қатерлі ісік ұлғая берді. Дәрігерлер оның жағдайы мүлде ауыр екенін еш жасырмаған. Осыдан кейін отбасы шетелдік мамандардың көмегіне жүгінуді ұйғарып, жыл басында қарапайым қазақстандықтардың қолдауымен Галина Стамбул емханасына жатқызылды.

Галина Полевая, журналист:

- Менің мұнда ем алуым тек халықтың көмегінің арқасында болғанын еш ұмытпаймын. Сол үшін менің ауыр халіме көңіл бөлген жандарға алғысым шексіз. Қазір неге ертерек қамданбадым екен деген ой мазалайды. Мүмкін сол кезде мүлде басқаша болатын ба еді. Бірақ қазірдің өзінде үмітім зор. Қолдауларыңыз үшін үлкен рахмет.

Шетелдік емханада Галина Полеваяны сүйек кемігін трансплантациялау бойынша операция жасауға дайындады. Операциядан кейін де омыртқада ісік болды. Сондықтан да дәрігерлер тағы да 10 радиотерапия сеансын өткізу керек деп ұйғарды. 

Сирет Ратип, гематолог /Түркия/:

- Оның омыртқасына операция жасау қажеттігі туындап тұр. Болашақта емдеудің жаңа әдістерін қолдануға болады. Галинаны мазалайтыны сүйектер. Соның салдарынан қозғалыс аз. Дегенмен, оның спортшы екенін ескерсек, барлығын да жеңетініне сенімдімін.

Танымал журналист Галина Полеваяның онкологиялық дертке шалдыққанына екі жылдың жүзі болған. Қазір арнайы корсеттің көмегімен қозғалады. Ал өздігінен жүру омыртқаны қатайтуға сеп болатын қымбат операциядан кейін ғана мүмкін болмақ. Ол үшін үлкен көлемдегі қаржы қажет. Оны жинау әріптесіміздің отбасына ауыр. Бірақ көп болып, қолдау көрсетсек алынбайтын қамал болмайтыны белгілі. Көмек көрсетем деген жан болса, экранда көрсетілген реквизитке жіберуге болады. Толық ақпарартты Facebook-тегі «Галина Полевая Живи» және instagram-дағы «mama_zhivi» парақшаларынан біле аласыздар. 

Авторлары: Талгат Куспаев, Анастасия Вылегжанина

Хабар 24 телеарнасы